Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

Тоқаев мемлекеттік басқаруды реформалау комиссиясын құрды

Комиссияның жұмыс органы болып Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі белгіленді, ал төрағаның орынбасары агенттік басшысы Әсет Ерғалиев болды.

Руководитель Администрации Президента Казахстана Роман Скляр
Фото: Акорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойып, Президент жанындағы Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссияның құрамын бекітті, деп 26 қарашада таңертең хабарлады Ақорда. Комиссияны Президент Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр басқарады.

Комиссия мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың бағыттары мен тәсілдерін тұжырымдап, Мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеу үшін жүйелі ұсыныстарды қарауы тиіс. Оның жұмыс органы – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі. Отырыстарға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ басқа да ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін.

Жаңа комиссия туралы хабарламаны Ақорданың баспасөз қызметі Telegram-да жариялады:

Жарияланған құрамға сәйкес, комиссияға барлығы 21 адам – мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері кірді. Төрағаның орынбасары – Президенттің кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, хатшысы – оның орынбасары Айгүл Шайымова. Комиссия құрамына Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-Министрдің үш орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев және Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев енді. Премьер-Министр Олжас Бектенов тізімде жоқ.

Өңірлерден комиссияға Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов кірді. Құрылтайдан депутаттар Шахмардан Байманов, Сұңғат Есімханов, Шолпан Каринова және Екатерина Смышляева, Қазақстан Халық Кеңесінен Андрей Лукин мен Бағдат Мусин енді.

Роман Скляр Президент Әкімшілігін 2026 жылғы 5 мамырдан бері басқарып келеді. Бұған дейін, 2022 жылғы қаңтардан бастап, ол Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болған.

Мемлекеттік басқаруды түбегейлі реформалау қажеттігі туралы Тоқаев 28 қазанда Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеген еді. Сонда ол жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін басқару құрылымын Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейін барлық деңгейде қайта қарау, жасанды интеллект арқылы функциялардың қайталануын және қағазбастылықты жою, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер әдебінің жаңа қағидаттарын әзірлеу керектігін айтты.

Бұл – Президенттің бір апта ішінде құрған үшінші жаңа органы: 23 қарашада ол стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобын бекітті, ал 25 қарашада «Халықтық құрылыс» шығындарын бақылайтын мемлекеттік комиссия құрды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз