Алматыда 92 қалалық автобус бағытының қозғалыс кестесі өзгертілді: енді ол жолаушылардың нақты ағынына қарай құрылады. Қарбалас уақытта автобустар жиірек, ал жолаушы аз кезде сиректеу жүруі тиіс. Бұл ретте желідегі автобустардың жалпы саны қысқармаған, қала маңы мен тау бағыттары өзгеріссіз қалды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
92 бағыттың 35-ін қалалық «Алматыэлектротранс» тасымалдаушысы қамтиды. Әкімдіктің түсіндіруінше, бұл бағыттарда жұмыс көлемі бұрынғыдай сақталды: субсидия есебінен алынып тасталған рейстерді кәсіпорын бюджеттен қосымша қаржы алмай, өз қаражатына орындайды. Қалған 57 бағыт бойынша жолаушылар ағыны, автобустардың толуы мен жүру аралығы әлі жеке-жеке зерделенуде. Әр бағыт бойынша шешімді тасымалдаушылармен бірге жыл соңына дейін қабылдайды.
Өзгерістің басты себебі — қаржы. Алматыда 27 автобус паркі мен 210 бағыт жұмыс істейді, күн сайын желіге 3,2 мыңға жуық автобус шығып, 1,6 миллионнан астам жолаушы тасымалдайды. Тасымалдаушылардың субсидияға берген өтінімдері 2024 жылы 83,7 млрд теңге болса, 2026 жылы 149,6 млрд теңгеге жетті. Сондықтан әкімдік есептік тарифтің неден құралатынын, оның ішінде үстеме шығындарды қайта қарап жатыр.
Әкімдік жаңа тәсілді әлемдік тәжірибемен түсіндірді: қозғалыс кестесі тәуліктің әр мезгіліндегі және аптаның әр күніндегі сұранысқа қарай жасалады. Мұны АҚШ-тағы Көлік саясаты және даму институты (ITDP) мен Лондонның Transport for London көлік қызметі ұсынады.
Тасымалдаушылар кестені сақтауы үшін қалада диспетчерлік жүйе жаңартылып, желідегі бақылау енгізіліп жатыр: автобустардың жүру аралығы мен бағытқа қанша автобус шыққаны қадағаланады. Сонымен қатар Алматы мен Алматы агломерациясы үшін субсидиялаудың жаңа қағидалары әзірленуде. Онда түрлі модельдер қарастырылып жатыр, соның ішінде жолаушылар ағынын, қозғалыстың тұрақтылығын, жол ақысының толық төленуін және қызмет сапасын ескеретін тәсілдер бар.
Бұған дейін қалада тарифтік комиссияның хаттамасы жарияланған еді. Соған сәйкес Алматыда автобус рейстері қысқартылды: желіге шығатын автобустар саны жұмыс күндері 20%-ға, жексенбіде 25%-ға, мереке күндері 35%-ға азайды.



