Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Алматыда бюджетті үнемдеу үшін автобус рейстері қысқартылды

Қысқарту туралы хаттама кері күнмен қабылданған: ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады және 2028 жылдың соңына дейін күшінде болады.

Городские автобусы на улице Алматы
Фото: акимат Алматы

Алматыда автобустар бағытқа бұрынғыдан сирек шығатын болды. Қалалық қатынастар тарифтері жөніндегі комиссия бюджетті үнемдеу мақсатында желіге шығатын автобустар санын жұмыс күндері 20%-ға, сенбіде 10%-ға, жексенбіде 25%-ға, мереке күндері 35%-ға азайтуды шешті. Отырыс хаттамасын Алматы қаласының қоғамдық көлікті ұйымдастыру басқармасы жариялаған, құжатқа «Власть» журналы назар аударды.

Қалалық бағыттардағы айналым рейстерінің саны да қысқарды: жұмыс күндері 10–20%-ға, сенбіде 5–10%-ға, жексенбіде 12,5–25%-ға, мереке күндері 17,5–35%-ға. Хаттамаға сәйкес, есептеулер кеңесшілердің ұсынымдары ескеріле отырып жасалған. Бұл кеңесшілердің кім екенін қала билігі нақтыламады.

Әкімдік жолаушылардың көбі таңғы және кешкі қарбалас уақытта жүретінін, ал күндіз жолаушы ағыны азаятынын түсіндірді. Тасымалдаушыларға қарбалас сағаттарда ең көп жүктелген бағыттарға автобус қосуға, қажет болса, резервтегі көлікті шығаруға кеңес берілді. Әкімдіктің дерегінше, субсидия шығыстары 2026 жылдың басынан бастап кезең-кезеңімен оңтайландырылып келеді, ал автобустардың жалпы саны өзгерген жоқ — 3,2 мыңнан асады. Хаттаманың неге кері күнмен қабылданғаны және нақты бағыттардағы аралықтың қалай өзгергені туралы сұрақтарға әкімдік жауап бермеді.

Урбанист Николай Боровскийдің есебінше, рейстер 20%-ға қысқарғанда автобус күту уақыты 25%-ға ұзарады: мысалы, 10 минут емес, 12,5 минут күтуге тура келеді. Оның айтуынша, бұл күндіз жол жүретіндерге — оқушыларға, студенттерге, қарттарға және ауысыммен жұмыс істейтіндерге қатты әсер етеді. «Алматыэлектротранстың» бұрынғы директоры Ризван Цинаев айналым рейстері қысқарғаннан кейін тасымалдаушыларға берілетін субсидия орта есеппен 20–30%-ға азайғанын, ал несие, жанармай мен жөндеу шығындары сол күйі қалғанын айтады.

Алматыда автобусқа қаражат мәселесі бұрыннан бар. Қараша айының басында жеке тасымалдаушылар субсидия бойынша қарыз 15 млрд теңгеден асқанын мәлімдеп, автобустарды желіге шығаруды жоспардың 30%-ына дейін қысқартатынын ескерткен. Сол кезде әкімдік автобустарды толық көлемде шығаруды талап етіп, қарызды қала бюджетін кезекті түзету кезінде қарауға уәде берген.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз