Ақтөбе облысының Байғанин ауданында Ащысай өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқталды. Ол облыстық маңызы бар «Қарауылкелді – Алтай батыр – Миялы – Оймауыт» жолының 34-шақырымында орналасқан және 1 700-ден астам адам тұратын Оймауыт, Миялы, Баршақұм ауылдарын байланыстырады. Ақтөбе облысының әкімдігі көпірде көлік қозғалысын жақын күндері ашуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Ескі көпірді соңғы үш жылда көктемгі су тасқыны бірнеше рет бұзған. Әр жолы су тасығанда бірнеше ауылдың тұрғындары аудан орталығымен қатынассыз қалып келді.
Жаңа көпірдің ұзындығы — 29 метр, ені — 12 метр. Мердігер су өткізетін бөлігін бетондап, шкаф қабырғаларын орнатып, аралық арқалықтарын төседі. «Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Жақын күндері көпірді пайдалануға беру жоспарланып отыр», — деді облыс әкімдігі. Құрылыстың қанша тұрғаны және мердігердің кім екені айтылмады.
Апатты көпірлер тек Байғанин ауданында ғана емес. 2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, Қазақстанда 142 көпір апатты, тағы 420 көпір қанағаттанарлықсыз жағдайда. Апатты көпірлердің 141-і жергілікті жолдарда тұр. Депутаттар 2027–2031 жылдарға арналған көпірлерді күтіп-ұстау және қайта жаңарту бағдарламасын қабылдауды ұсынды.



