2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматының шығарынды деңгейі төмен аймағында (LEZ) еркін сатылатын петарда, фейерверк, салют және басқа да пиротехника атуға болмайды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі еске салды. Қазір пилоттық аймақ Бөгенбай батыр мен Желтоқсан көшелері, Абай мен Достық даңғылдары аралығындағы шаршыны қамтиды.
Тыйым қалалық мәслихат 2025 жылғы 30 желтоқсанда бекіткен Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының 51-тармағында көрсетілген. Ол бүкіл қалаға қолданылмайды. Шектеу әкімдік LEZ шекарасын жеке қаулымен бекіткеннен кейін ғана күшіне енеді — сонда оның қай аудандарға қатысты екені белгілі болады.
- Пиротехниканы рұқсат етілмеген жерде атып, адамдардың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін — 20 АЕК, яғни 86 500 теңге айыппұл салынып, пиротехника тәркіленеді.
- Қайта бұзғаны үшін — 30 АЕК, яғни 129 750 теңге.
Әкімдік қазіргі айыппұлдар ауаның ластануына емес, пиротехниканы пайдалану қағидаларын бұзуға байланысты екенін нақтылады. Сонымен қатар салют пен петарда ауаға түтін, күйе және ұсақ шаң шығаратыны, жел жоқ күндері олардың қала үстінде нашар тарайтыны айтылды. Алматылықтарды фейерверктен бас тартуға шақырды.
Шығарынды деңгейі төмен аймақ — Алматыда ауаны тазартуға арналған үлкен бағдарламаның бір бөлігі. Үкімет 17 қарашада бекіткен 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспарға сәйкес, мұндай алғашқы аймақтар 2027–2030 жылдары қала орталығында, Алмалы ауданында және Медеу ауданының тау бөктеріндегі бөлігінде пайда болады. Онда экологиялық класы төмен көліктердің кіруі шектеледі, ал LEZ аумағында 2027 жылдан бастап көмір сатуға тыйым салу жоспарланып отыр.



