SpaceX бір ұшыру алаңынан екі Falcon 9 зымыранын небәрі 32 сағат 3 минут 21 секунд аралықпен ұшырды. Бұл — компания тарихындағы бір алаңнан ең жылдам қайта ұшыру. Рекорд Калифорниядағы Ванденберг базасының SLC-4E алаңында орнатылды, деп X желісінде SpaceX-тің ұшырулар жөніндегі вице-президенті Кико Донтчев жазды.
Компанияның бұрынғы рекорды 45 сағат болатын. Ол SpaceX зымырандарды ең жиі ұшыратын Флоридадағы Канаверал мүйісінің SLC-40 алаңында орнатылған еді. Енді батыс жағалаудағы команда бұл нәтижені шамамен 13 сағатқа озып кетті.
Донтчев командаға алғыс айтып, келесі мақсатты атады.
«SpaceX-тің батыс жағалаудағы командасына кеше түнде 4E алаңынан ұшырулар арасындағы уақыт бойынша әлемдік рекорд орнатқаны үшін зор алғыс! 32 сағат, 3 минут, 21 секунд! Бұл 40-алаңдағы 45 сағаттық бұрынғы рекордтан әлдеқайда жақсы. Команда бірнеше сағат қормен үлгерді. Келесі мақсат — 24 сағатта дайындау!» — деп жазды ол.
Алаңнан алғаш 20 қарашада АҚШ Ғарыш күштеріне арналған USSF-317 миссиясы бар зымыран ұшты. Екіншісі, NROL-136 миссиясымен, 22 қарашада Астана уақытымен сағат 17:23-те ұшырылды. Ол АҚШ Ұлттық барлау басқармасының (NRO) құпия спутниктерін төменгі орбитаға шығарды. Ұшыруды NRO растады.
Зымыранның B1097 бірінші сатысы 14-рет ұшты. Ұшырудан шамамен жеті жарым минуттан кейін ол базаға оралып, Landing Zone 4 алаңына қонды. NROL-136 — NRO-ның 2026 жылғы алтыншы ұшыруы, алтауын да SpaceX орындады.
Миссия NRO 2024 жылғы мамырдан бері SpaceX және Northrop Grumman компанияларымен бірге құрып жатқан шағын барлау спутниктері желісін толықтырды. Бұл жолы орбитаға қанша аппарат шығарылғанын ведомство жарияламайды.



