Дональд Трамп әкімшілігі сәрсенбі, 25 қарашада, АҚШ-тың 14 сауда серіктесіне жаңа импорттық баж салығын енгізуді ұсынды. Олардың қатарында Қытай, Еуропалық одақ, Жапония, Оңтүстік Корея және Үндістан бар. Шешімді АҚШ Сауда өкілінің кеңсесі (USTR) өнеркәсіптегі «құрылымдық артық қуат» жөніндегі сегіз айлық тергеудің қорытындысы бойынша жариялады. Вашингтонның пікірінше, үкіметтердің субсидиялары мен өзге шаралары зауыттардағы өндірісті сұраныстан жоғары ұстап тұр, ал арзан импорт америкалық өндірушілерге соққы болып тиеді.
Ең жоғары мөлшерлеме Қытайға ұсынылды: көптеген тауарға 20%-ға дейін. Өнімнің бір бөлігіне бұл баж қазір қолданылып жүрген шамамен 25%-дық алымға қосылады, сөйтіп жалпы мөлшерлеме шамамен 45%-ды құрайды. AP хабарлауынша, Ақ үй Еуропалық одақ тауарларына әдеттегі баждың үстінен 15% салуды көздеп отыр. Америкалық шенеуніктің сөзінше, жаңа мөлшерлемелер Трамптың өткен жылы серіктестерімен келіскен деңгейінен аспайды.
Тізімге Бангладеш, Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Камбоджа, Қытай, Малайзия, Сингапур, Тайланд, Тайвань, Швейцария, Оңтүстік Корея, Жапония және ЕО енді. Мексика мен Норвегия да тексерілген, бірақ әзірге ұсынысқа кірмеді. Жаңа алымдар автокөлікке, болат пен алюминийге салынған баждың үстіне қосылмайды. Сондай-ақ олар АҚШ бағалауынша мәжбүрлі еңбекпен жасалған тауарлардың әкелінуіне тыйым салмайтын 60 елге жазда енгізілген 10–12,5%-дық тарифтерге де қосылмайды.
Баж бірден күшіне енбейді. Алдымен USTR қоғамдық пікір жинап, тыңдау өткізеді. Reuters агенттігіне АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі хабарлағандай, бұл баждарды енгізуді қаңтарға дейін кешіктіруі мүмкін. АҚШ сауда өкілі Джеймисон Грир CNBC арнасына тарифтер бірнеше айдан кейін ғана күшіне енуі ықтимал екенін айтты. Бұдан бөлек, USTR Бразилиядан әкелінетін дайын ұшақтарға 10% баж және квотадан тыс қантқа жоғары баж салуды ұсынды.
Бейжің айыптауларды жоққа шығарды. ҚХР СІМ ресми өкілі Го Цзякунь келіссөзге шақырып: «Тарифтік және сауда соғыстары ешкімнің мүддесіне сай келмейді», – деді. АҚШ әкімшілігі жаңа баждар Қытаймен 10 қаңтарға дейін жарамды сауда бітімін бұзбайды деп санайды.
Қазақстан тізімде жоқ, алайда ұсыныс оның ең ірі екі сауда серіктесі – Қытай мен Еуропалық одаққа қатысты.
USTR тергеуді наурызда бастаған. Оған дейін, ақпанда, АҚШ Жоғарғы соты Трамптың төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заң негізінде енгізген баждарын заңсыз деп таныған еді. Сол кезде президент уақытша 10%-дық жаһандық тариф енгізді. Трамптың жаңа баж дайындап жатқанын бір күн бұрын WSJ пен Bloomberg жазған болатын. Өткен аптада Трамп Шэньчжэньде Си Цзиньпинмен кездесті, ал желтоқсанда оны Флоридадағы G20 саммитінде қабылдамақ.



