Toyota 25 қарашада он бірінші буын Camry 23 желтоқсанда Жапония нарығына оралатынын мәлімдеді. Седан өз елінде 2023 жылғы желтоқсанда сатылымнан алынғалы бері алғаш рет қайта сатылады. Жапонияға арналған көліктерді елдің ішінде емес, АҚШ-тың Кентукки штатындағы Toyota Motor Manufacturing зауытында жинайды, деп хабарлады Toyota.
Camry екі жинақтауда, тек 2.5 литрлік гибрид қондырғымен (A25A-FXS) және алдыңғы жетекпен ұсынылады. Бағаға тұтыну салығы кіреді, ал кәдеге жарату алымы кірмейді. Седанның ұзындығы — 4920 мм, ені — 1840 мм, биіктігі — 1450 мм. Toyota айына 850 көлік сатуды жоспарлап отыр, жалпы алғанда жылына 10 мыңнан астам сатылымға үміттенеді.
| Жинақтау | Жапониядағы бағасы | Теңгемен |
|---|---|---|
| G | 4,3 млн иена | шамамен 12,4 млн теңге |
| Z | 5,2 млн иена | шамамен 15 млн теңге |
Американдық седандар Жапонияға бейімделді: рөлі оң жақта, бұрылыс белгісінің ауыстырғышы да оң жақта, мультимедиа мен навигация жүйесі жапон тілінде. 2025 жылғы шілдедегі АҚШ пен Жапония келісімі Америкада сертификаттан өткен жеңіл көліктерді қосымша сынақсыз сатуға мүмкіндік береді. Tundra пикапы мен Highlander кроссоверін елге осылай әкелген. Бірақ Camry үшін Toyota Жапонияның Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігінде толыққанды сертификаттаудан өтті.
Модельдің оралуы Жапония мен АҚШ арасындағы сауда дауларына байланысты. Toyota директорлар кеңесінің төрағасы Акио Тоёда маусымда-ақ: «Бұл сауда балансын сәл де болса жақсартса, баж салығы мәселесін аздап қайта қарауға итермелеуі мүмкін», — деген еді.
Ал Қазақстанға, керісінше, Жапонияда жиналған және рөлі сол жақта орналасқан Camry жеткізіледі. Бізде 204 ат күші бар 2.5 литрлік қозғалтқышты бензинді базалық седандардың бағасы 18,7 млн теңгеден, ал гибридтердікі 23,7 млн теңгеден басталады, деп жазады Kolesa.kz.
Camry атауы жапонша «канмури», яғни «тәж» деген сөзден шыққан. Модель 1980 жылы Celica Camry деген атпен шықты, ал АҚШ-та 2002–2016 жылдары он бес жыл қатарынан ең көп сатылған жеңіл көлік болды.



