Андрей Аршавин әзірге «Қайраттың» бас бапкері болуды ойламайды. Алматы клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы әрі Ресей құрамасының экс-капитаны бұл сұраққа QSport International-ға берген сұхбатында жауап берді.
Одан бапкерлік жұмысқа дайын ба, болашақта бір команданы, мысалы, «Қайратты» басқаруды жоспарлай ма деп сұрады. Аршавиннің жауабы қысқа болды: «Жоспарлап отырғам жоқ. Өйткені футболдағы қазіргі орным мен рөлім маған ұнайды».
Бұл сұрақ тегін қойылған жоқ. «Қайрат» бір айдан бері тұрақты бас бапкерсіз жүр: 26 қазанда клуб Рафаэль Уразбахтинмен өзара келісім бойынша қоштасты. Команданы уақытша Жора Арутюнян басқарып отыр. Ол 26 қарашада Алматыда Конференциялар лигасының төртінші турында швециялық «Мьельбюмен» ойнайды және құрамдағы өзгерістер туралы айтып үлгерді.
Аршавин «Қайратта» 2016–2019 жылдары ойнап, кәсіби мансабын Алматыда аяқтады. Оған дейін «Зенит», лондондық «Арсенал» және «Кубань» сапында өнер көрсетті. Қазір футбол телесарапшысы болып жұмыс істейді.
«Қайрат» 2026 жылғы Қазақстан чемпионатын екінші орынмен аяқтады: 65 ұпай жинап, чемпион «Ордабасыдан» үш ұпайға қалып қойды.



