АҚШ-тың Ирандағы виртуалды елшілігі 25 қарашада, сәрсенбі күні, барлық американдықты елден дереу кетуге шақырып, өңірдегі соғыс қимылдары тез ушығуы мүмкін екенін ескертті. «Иранға ешқандай себеппен бармаңыздар. АҚШ азаматтары Ираннан дереу кетуі керек», — делінген елшілік ескертуінде.
Оған соңғы күндердегі шабуылдар себеп болды. Бахрейн Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Иранның сенбідегі соққыларынан екі адам жараланып, азаматтық өнеркәсіп нысанында өрт шыққан, Кувейттегі американдық нысандар да шабуылға ұшыраған. Сейсенбі күні Йемен хуситтері Эр-Рияд қаласының қаржы ауданындағы зәулім ғимаратқа соққы берді — Сауд Арабиясының азаматтық қорғаныс қызметі 11 адам зардап шеккенін хабарлады.
Елшіліктің пайымынша, Иран, хуситтер және Тегеранға одақтас басқа топтар өңірдегі американдық мүдделерді, соның ішінде компаниялар мен мекемелерді нысанаға алуы мүмкін. Таяу Шығыстағы американдықтарға әуежайлардың жұмысын бақылап, рейстердің тоқтатылуына және әуе кеңістігінің жабылуына дайын болу, шерулерден және АҚШ-қа қатысты орындардан аулақ жүру ұсынылды. Әуе шабуылы кезінде терезе мен есіктен алыс тұрып, телефонды зарядта ұстау керек.
Дипломаттардың ескертуінше, Иранның құрлық шекарасынан өту ережелері мен көрші елдерге кіру шарттары кез келген сәтте өзгеруі мүмкін. Мемлекеттік департамент бұрынғы ескертулерінде Түркия немесе Арменияға құрлықпен шығуға кеңес берген, ал қос азаматтығы барларға елден иран паспортымен шығуды ұсынған: Тегеран екінші азаматтықты мойындамайды.
Ескерту Иран төңірегіндегі жаңа шиеленіс аясында жарияланды: жуырда Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз бұғазында екі танкердің жарылғанын хабарлады, ал Израиль Иранға алдын ала соққы беруі мүмкін екенін айтты. Дональд Трамп New York Post басылымына берген сұхбатында Иранмен соғыс қаңтарға дейін «қаржыландырылғанын» айтты.
Тегеранда АҚШ елшілігі жоқ: екі ел 1980 жылдан бері дипломатиялық қатынас орнатпаған. Ирандағы американдықтардың мүддесін Швейцария қорғайды, дипломаттар көмек қажет болса Швейцария елшілігі жанындағы АҚШ мүдделері бөліміне жүгінуді ұсынады.



