Англиядағы Норфолк графтығының полициясы ханзада Уильям мен ханшайым Кейттің Энмер-холл саяжайына түскеннен кейін ұсталған екі ер адамға айып тақты. Бұл туралы 25 қарашада, сәрсенбі күні Норфолк полициясы хабарлады. 34 жастағы лондондық Мирген Доку мен тұрақты мекенжайы жоқ 32 жастағы Арилен Ндочи ұрлық жасамақ ниетпен тұрғын үйге кірді және күзетілетін нысанда заңсыз жүрді деп айыпталып отыр.
Екеуі де қамауда, сәрсенбі күні таңертең оларды Норидждің магистраттық сотына жеткізу көзделген. Британдық The Times газетінің дерегінше, ұсталғандар — Албания азаматтары.
Полицияға 23 қарашада, дүйсенбі күні жергілікті уақытпен сағат 18:00-ге аз қалғанда (Астана уақытымен шамамен 23:00-де) Сандрингем иелігіндегі үйлердің бірінде күдікті әрекет байқалғаны туралы хабар түскен. Екі ер адам маңайдан ұсталды. Бұған дейін The Times үйге бетперде киген адамдар кірді деп жазған, бірақ полиция бұл мәліметке түсініктеме бермеді. Отбасы үйде болмаған: Metro басылымының хабарлауынша, Уильям, Кейт және олардың үш баласы сол кезде Виндзордағы Форест-лодж үйінде болған. Букингем сарайы дәстүр бойынша қауіпсіздік мәселелеріне түсініктеме бермейді.
Саяжайға түскен оқиға туралы airpress.kz кеше жазған. Он жатын бөлмесі бар Энмер-холл Карл III корольдің Сандрингемдегі жеке иелігінде орналасқан — оны Уильям мен Кейтке 2011 жылғы сәуірдегі үйлену тойынан кейін Елизавета II патшайым сыйға тартқан. Отбасы 2020 жылы локдаунның көп бөлігін осында өткізген, әлі күнге дейін демалыс күндері мен мектеп каникулында жиі келіп тұрады.



