23 қарашада кешке Норфолк графтығындағы ханзада Уильям мен ханшайым Кейттің Энмер-холл саяжайына бөгде адамдар кірді. Полицияны Сандрингем корольдік иелігінің аумағында күдікті әрекет байқалғаны туралы хабарламадан кейін шақырған. Екі ер адам ұрлық пен заңсыз кіру күдігімен ұсталды. Бұл туралы Норфолк полициясына сілтеме жасап, Reuters хабарлады.
Оқиға кезінде үйде ешкім болмаған. Уильям, Кейт және олардың балалары — ханзада Джордж, ханшайым Шарлотта мен ханзада Луи Виндзордағы негізгі резиденциясы Форест-лоджда жүрген. Ұрлық туралы алғаш британдық The Sun газеті жазды. Басылымның дерегінше, қаскүнемдер бетперде киген. Олардың не іздегенін және бірдеңе алып кеткенін полиция нақтыламады. Кенсингтон сарайы әдеттегідей қауіпсіздік мәселесіне түсініктеме беруден бас тартты.
LBC радиостансасының хабарлауынша, сол күні кешке иеліктің үстінде ұлттық полиция авиациясының ұшағы айналып ұшқан. Ұрлық туралы жаңалық сейсенбі күні таңертең белгілі болды. Дәл сол сәтте Уильям Даунинг-стритте премьер-министр Энди Бёрнеммен алғаш рет кездесіп отырған.
Энмер-холл — Сандрингем-хаустан екі миль жердегі он жатын бөлмелі георгиандық сарай. Королева Елизавета II оны 2011 жылы Уильям мен Кейтке үйлену тойына сыйға тартқан. Отбасы 2015–2017 жылдары осында тұрақты тұрды, кейін көшіп кетсе де, демалыс күндері, каникулда және Рождествода қайта келіп тұрады. Кейт үшін бұл үй қатерлі ісіктен емделген кезде пана болды: ханшайым химиотерапияны аяқтағанын айтқан 2024 жылғы бейнежазба дәл осында түсірілген.
Тақ мұрагерінің үйлеріне қатысты мұндай оқиға бірінші рет болып отырған жоқ. 2024 жылғы қазанда бетперде киген екі адам Виндзор қамалы иелігіндегі фермаға кіріп, пикап пен квадроциклді айдап кеткен. Сол кезде отбасы жақын маңдағы үйінде ұйықтап жатқан. 2025 жылғы желтоқсанда ауыр рюкзак арқалаған ер адам үш күн ішінде екі рет Кенсингтон сарайының қоршауынан асып түсті, кейін оған айып тағылды.



