Мурманск облысының губернаторы Андрей Чибис өңірлік бюджеттен ақша жымқыру ісі бойынша ұсталды. Бұл туралы BBC хабарлады. Бұл – соңғы бес жылда Ресейде қызметтегі өңір басшысының алғаш рет ұсталуы әрі Украинадағы соғыс басталғалы бергі алғашқы жағдай. BBC мәліметінше, Чибис 23 қарашада, дүйсенбіде, Мәскеуге ұшып келген сәтте ұсталып, жауап алуға апарылған.
Ресей ІІМ тергеу департаменті 47 жастағы губернаторды арктикалық тас жол салуға бөлінген 1 млрд рубльден астам қаражатты (шамамен 5,5 млрд теңге), сондай-ақ өңірлік бюджеттен құрылысқа арналған тағы 39 млн рубльді (шамамен 216 млн теңге) жымқырды деп күдіктенеді. Тергеу нұсқасы бойынша, 2022 жылы өңірде бюджет қаражатын шетелге, соның ішінде Қырғызстанға шығарған қылмыстық топ жұмыс істеген. Істің тағы бір бөлігі бір-бірінен 15 шақырым қашықтықтағы Апатиты мен Кировск арктикалық қалаларын жалғайтын жолды қайта жаңартуға қатысты.
Чибис ұсталуына қатысты көпшілік алдында пікір білдірмеді, BBC дерегінше, ол кінәсін мойындамайды. Оның жұбайы Евгения Чибис айыптауларды негізсіз деп атап, қолдау білдірген жұртқа алғыс айтты. Губернаторды қамауда қалдыру-қалдырмауды сот сәрсенбідегі отырыста шешеді, деп хабарлады «Интерфакс».
Чибис бірнеше жыл Ресейдің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрінің орынбасары болып, 2019 жылы Мурманск облысын басқарды. Екі жыл бұрын пышақпен шабуылдан аман қалған соң ол қайта сайланды. Мурманскіде Ресейдің Солтүстік флоты орналасқан. Губернатор Ұлыбритания мен Еуропалық одақтың санкция тізіміне енген: олар оны украиналық балаларды Ресейге заңсыз әкетіп, ресейлік отбасыларға беруге қатысы бар деп айыптайды.
Ресейде губернаторлар Кремльдің өкілі саналады. 2022 жылғы ақпанда соғыс басталғаннан кейін Владимир Путин бірнеше өңір басшысын қызметтен босатты, бірақ осы уақытқа дейін олардың бірде-біреуі ұсталмаған. Ал осы кезеңде көптеген жоғары лауазымды шенеунік қамауға алынған.



