Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

Зеленский мен Мажарстан премьері Мадьяр Закарпатьеде келіссөз жүргізеді

Мажар премьерімен бірге сыртқы істер министрі Анита Орбан барды, ол келіссөзден бөлек өңірдегі мажар қауымдастығының жетекшілерімен де кездеседі.

Президент Украины Владимир Зеленский
Фото: Офис президента Украины, CC BY 4.0

Мажарстан премьер-министрі Петер Мадьяр 24 қарашада, сейсенбіде, Украинаның Закарпатье облысына аттанды. Онда ол президент Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізеді. Бұл туралы премьердің өзі Facebook-те жазды. Оның айтуынша, бұл – 2015 жылдан бері Мажарстан үкіметі басшысының Украинаға алғашқы сапары.

Закарпатьедегі кездесу Мадьяр мамырда үкімет басына келгелі бері екі басшының алғашқы ресми екіжақты келіссөзі болмақ. Бұл туралы украиналық шенеунікке сілтеме жасап, The Kyiv Independent хабарлады. Бұған дейін олар тек еуропалық саммиттер аясында сөйлескен, соңғы рет 16 қазанда Брюссельде кездескен.

Зеленскиймен келіссөзден бөлек Мадьяр Закарпатьедегі мажар қауымдастығының жетекшілерімен кездеседі. Мажарстан сыртқы істер министрі Анита Орбанмен бірге ол өңірдегі бірнеше мажар мекемесін аралайды. Басшылардың нақты не талқылайтыны ресми түрде жарияланған жоқ. Бұған дейін тараптар екіжақты қатынастарды, мажар азшылығының құқығын, сауданы және Украинаның Еуропалық одаққа кіру жолын талқылаған.

Мадьяр көктемде Мажарстандағы парламент сайлауында жеңіп, сәуірдің өзінде Зеленскийге «екіжақты қатынаста жаңа бет ашу» үшін дәл Закарпатьеде кездесуді ұсынған. Елді 16 жыл басқарған Виктор Орбан тұсында Будапешт пен Киев арасындағы қатынас шиеленісті болды: Мажарстан үкіметі Еуропалық одақтың Украинаға көмегін тежеп, оның ЕО-ға кіруіне қарсы шықты әрі Мәскеумен тығыз байланысын сақтады. Билік ауысқаннан кейін Мажарстан Украинаның Еуропалық одаққа кіруі жөніндегі келіссөздердің жаңа бөлімдерін ашуға келісті.

Сапар Ресейдің Украинаның батысына соққылары жалғасып жатқан тұста өтіп жатыр. 17 қарашада ресейлік ұшқышсыз ұшақ Мукачеводағы вокзалдан шамамен 300 метр жерге құлады, осыдан кейін Мажарстан Украинамен теміржол қатынасын тоқтатты. 3 желтоқсанда екі ел дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толғанын атап өтеді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз