«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) басқармасының жаңа төрағасы болып Ерсайын Нағаспаев тағайындалды. Шешімді 24 қарашада ұлттық теміржол компаниясының иесі — «Самұрық-Қазына» қоры қабылдады, деп хабарлайды Kursiv қорға сілтеме жасап.
Тағайындау Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нағаспаевты өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатқан күні болды. Ол бұл лауазымда 2025 жылғы ақпаннан бері жұмыс істеген.
Нағаспаев компанияны іштей жақсы біледі: 2021–2025 жылдары ол ҚТЖ-ның басқарушы директоры болған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. Инвестициялар жөніндегі комитетте, Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде қызмет атқарған, Көлік және коммуникация министрлігі мен Ақтау халықаралық теңіз сауда портында басшылық лауазымдарда болған. Сондай-ақ Шахтинск қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары және «Астана» ӘКК басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
ҚТЖ басшысының орны шулы істен кейін босады. 11 қарашада ҰҚК қызметкерлері «Самұрық-Қазына» басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыповты және ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті сыбайлас жемқорлық қылмысы жасады деген күдікпен ұстады, 14 қарашада сот оларды қамауға алуға санкция берді. Тергеу мән-жайын әзірге жария етпей отыр, екеуінің кінәсін сот анықтаған жоқ.
Бұл жолаушылар мен жүк жөнелтушілер үшін нені білдіреді: басшылық ауысуына байланысты компания жұмысында, билет бағасында немесе тасымал тарифтерінде өзгеріс болатыны туралы хабарланған жоқ. Бірақ жаңа басшыға күрделі мәселелер қалып отыр: ҚТЖ IPO-сы 2027 жылға шегерілді, ал орналастырудан түсетін қаражат компанияның 3,8 трлн теңгелік қарызының бір бөлігін өтеуге жұмсалуы тиіс еді.
Бұған дейін аудит ҚТЖ тобының дизель отынын делдалдар арқылы қымбатқа сатып алғанын анықтаған, бұл туралы ҚТЖ шығыны жөніндегі материалда жазған едік. ҚТЖ — елдегі ең ірі тасымалдаушы: компания жолаушы мен жүк тасиды әрі магистральдық темір жол желісіне жауап береді.



