Швецияның «Мьельбю» клубы Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде «Қайратпен» ойнау үшін Алматыға аттанды. Бір кездесу үшін команда жолда бір аптаға жуық уақыт өткізеді. Швецияның BLT газетінің жазуынша, футболшылар барып-қайтқанда тек әуеде 18 сағаттай болады. Ойын 26 қараша, бейсенбі күні өтеді.
Шведтер дүйсенбі күні Копенгагендегі Каструп әуежайынан Ыстамбұл арқылы ұшты. Алғашқы рейс шамамен үш жарым сағатқа, екіншісі тағы бес жарым сағатқа созылады. Команда Қазақстанда екі күн болып, жұма күні таңертең ерте кері ұшады да, үйіне тек кеш батқанда жетеді. Сенбіде «Мьельбю» жеңіл жаттығу өткізеді, содан кейін Швеция чемпионатының соңғы турында «Хальмстадқа» қонаққа барады.
Ойыншылардың өздері ұзақ сапарды байыппен қабылдап отыр. «Қазақстанға енді ешқашан бармайтын шығармыз, сондықтан тек ләззат алу керек», — деді Якоб Леннартссон. «Командамен, жігіттермен көп күн бірге боламыз, сондықтан мұны қызықты нәрсе ретінде қабылдаймыз», — деп қосты Аксель Норен.
Шведтер үшін бұл сапардың турнирлік маңызы да бар: Алматыда алынған ұпай оларға жалпы кезеңнің үздік сегіздігіне ену мүмкіндігін сақтайды. Алайда қонақтар Якоб Бергстрёмсіз қалуы мүмкін: Bollsvenskan мәліметінше, ол «Мальмёмен» ойында сан бұлшықетінің артқы жағын жарақаттаған, «Қайратпен» кездесуге қатысуы күмәнді.
Алматылықтардың да бұл ойын алдында өз кадрлық мәселелері бар: қорғаушы Еркін Тапалов үшін «Мьельбюмен» кездесу командадағы соңғы ойыны болуы мүмкін — ойыншыны алу үшін ҚПЛ клубтары таласып жатыр.



