Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

ЕО Ресейге қарсы 22-санкция пакетін ұсынды: 60 банк SWIFT-тен ажыратылады

Еурокомиссия соғыс басталғаннан бері Ресей әскерінде қызмет еткендердің бәріне ЕО-ға кіруге тыйым салуды және ресейліктердің Еуропадағы жарыстарда мемлекет атынан шығуын шектеуді де ұсынды.

Председатель Еврокомиссии Урсула фон дер Ляйен
Фото: Еврокомиссия / Wikimedia Commons

Еуропалық комиссия дүйсенбі, 23 қарашада Ресейге қарсы 22-санкция пакетін ұсынды. Басты шара — шамамен 60 ресейлік банкке қатысты шектеу: оларға транзакцияға тыйым қолданылып, SWIFT жүйесінен ажыратылады. Пакетті Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен таныстырды. Шаралар күшіне енуі үшін оларды Еуропалық одақтың 27 елінің бәрі мақұлдауы керек.

Фон дер Ляйеннің айтуынша, жаңа пакет үш нысанаға бағытталған: Ресейдің соғысты қаржыландыру мүмкіндігіне, оның халықаралық байланыстарына және бұрын енгізілген шектеулерді айналып өтуге. «Ресей Украинада берік бейбітшілікке шынайы ұмтылыс танытпайынша, біз жаңа санкцияларды ұсына береміз», — деді ол.

Шектеулер криптоплатформалар мен төлем желілеріне — Ресейдегілерге де, Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектесетін үшінші елдердегілерге де — тиеді. Осы жұмыс үшін Еурокомиссияда Crypto Sanctions Task Force арнайы тобы құрылды. Энергетика саласында ЕО қызмет көрсетуге тыйымды кеңейтеді: еуропалық компаниялар Ресейге энергетикалық нысандарды, ең алдымен мұнай өңдеу зауыттарын салуға, ұстауға және жөндеуге көмектесе алмайды. Тізімге «көлеңкелі флоттың» тағы 70-тен астам кемесін қосу және Ресейде сақтандырылған танкерлерге тыйым салу ұсынылды. ЕО азаматтарына ресейлік компаниялардың басқару органдарында болуға тыйым салынады. «Ресеймен экономикалық қарым-қатынасымызда бәрі бұрынғыдай бола алмайды», — деп түсіндірді Еурокомиссия басшысы.

Пакеттің екінші бөлігі — оқшаулау. Еурокомиссия соғыс басталғаннан бері Ресей қарулы күштерінде қызмет еткен немесе қазір қызмет етіп жүрген барлық адамның ЕО-ға кіруіне тыйым салуды ұсынады. Фон дер Ляйен мұны ресейлік оперативтердің Еуропадағы, өз сөзімен айтқанда, «дәстүрлі емес кинетикалық белсенділігінің» күшеюімен байланыстырды. Сондай-ақ ресейліктерге ЕО-дағы жарыстарда мемлекет атынан өнер көрсетуге, онда Ресейдің ресми рәміздерін көрсетуге және еуропалық спорт федерацияларында басшылық лауазым атқаруға тыйым салу көзделген. «Спорттық іс-шаралар насихат алаңына айнала алмайды», — деді ол. Ресейлік құқық қорғаушылардың, диссиденттер мен тәуелсіз журналистердің ЕО-ға кіру құқығы сақталады.

ЕО санкциялары үшінші елдердегі делдалдарға жиі тиіп жүр. Қазақстандық компаниялар бұған дейінгі пакеттерге де енген — Брюссель оларды Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне шектеулерді айналып өтуге көмектесті деп айыптаған. Жаңа тізімде қазақстандық компаниялардың бар-жоғы әзірге хабарланған жоқ.

Алдыңғы, 21-пакетті ЕО елдері 2026 жылғы 23 шілдеде бекітті — сол кезде 218 жеке және заңды тұлға санкцияға ілікті, бұл 2022 жылдан бергі рекорд. Фон дер Ляйен 22-пакетті дайындау туралы қазаннан бері айтып, оны ЕО-ның жақын саммитіне дейін ұсынуға уәде берген.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз