Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Ақтөбедегі ауруханада өрт: жұмысшы күйіктен көз жұмды

Оттегі қоймасындағы өрт 14 қарашада болғанымен, ТЖД да, облыстық денсаулық сақтау басқармасы да бұл туралы ресми хабарламаған.

Городская многопрофильная больница №1 в Актобе
Фото: Kazinform

Ақтөбедегі №1 қалалық көпбейінді ауруханада оттегі қоймасында болған өрттен ауыр күйік алған жұмысшы көз жұмды. Оның қаза табу мән-жайын арнаулы комиссия анықтап жатыр. Бұл туралы Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы департаментіне сілтеме жасап, Kazinform хабарлады.

Аурухана оттегі сақтайтын қоймада өрт 14 қарашада шыққан. Ер адамға медициналық көмек көрсетілгенімен, біраз уақыттан соң ол сол ауруханада қайтыс болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы да, Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті де оқиға туралы ресми хабарлама жарияламаған, сондықтан жұмысшының қазасы тоғыз күннен кейін ғана белгілі болды.

Еңбек инспекторы Еркебұлан Омардың айтуынша, жазатайым оқиға туралы хабарлама инспекцияға өрттен кейінгі күні түскен. «ДКК қорытындысына сәйкес, зардап шегушінің жарақаттары ауыр болып шықты», — деді ол. Кейін аурухананың өзі инспекциядан арнаулы тергеуге қатысуды сұраған. 20 қарашада Еңбек кодексіне сәйкес еңбек инспекторы, жұмыс беруші өкілі мен кәсіподақ өкілінен тұратын комиссия құрылды. Сот сараптамалары орталығына сұрау жіберілді, облыстық ТЖД да өз қорытындысын береді.

Комиссия жұмысшының жарақатты қызметтік міндетін атқару кезінде алғанын растаса, үш күн ішінде өндірістегі жазатайым оқиға туралы акт рәсімделіп, марқұмның отбасына табысталады. Ер адамның аты-жөні мен өрттің себебі әзірге аталмады.

Kazinform келтірген деректерге қарағанда, 2026 жылдың он айында Ақтөбе облысында өндірісте 56 жазатайым оқиға тіркелген: 57 адам зардап шегіп, үшеуі қаза тапқан. Бұл оқиғалардың он үші Дон тау-кен байыту комбинатында болған: 29 қазанда комбинаттың Хромтау ауданындағы шахтасында вагондарды тіркеу кезінде жұмысшы көз жұмды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз