Боготадағы мыңдаған көрермен Димаш Құдайбергенмен бірге оның қазақ тіліндегі «Ұмытылмас күн» әнін бір кісідей шырқады. Әнші 22 қарашада өткен концерттен түсірілген видеоны 23 қарашада Instagram парақшасында жариялады.
«Рақмет, Колумбия. Бұл шынымен де «ұмытылмас күн» болды. Барлығыңды жақсы көремін. 10 сағаттан кейін Чилиде кездесеміз», — деп жазды Димаш. Қазақстандықтар пікірлерде мұны «тарихи оқиға» деп атап, қазақ тілін әлемге танытып жүргені үшін әншіге алғыс айтты.
Шоу Колумбия астанасындағы ең ірі алаңдардың бірі — Movistar Arena-да өтті, қазір ол El Corazón de Bogotá Arena деп аталады. Арена 14 мыңға дейін көрерменді сыйғызады, бұған дейін оның сахнасында Шакира, Марк Энтони және Андреа Бочелли өнер көрсеткен. Димаш үшін бұл — Колумбиядағы алғашқы жеке концерт. Боготаның әуежайында да жанкүйерлер оны есімін ұрандатып қарсы алған еді.
Қазақ әндері DIMENSIONS атты жаңа әлемдік турдың бағдарламасында жеке блок ретінде орындалады. «Ұмытылмас күнді» Мексикадағы концерттерде де — Меридада, Гвадалахарада және Мехикода көрермендер бірге шырқаған. Мехикода тағы бір оқиға талқыға түсті: жанкүйер қыз әншіні сахнада сүйіп алды, ал The Story of One Sky әні алдында Димаш әлем соғыстан шаршағанын айтты.
Турдың келесі аялдамасы — Сантьяго: 24 қарашада Димаш Чилидегі Movistar Arena-да тұңғыш рет өнер көрсетеді. Турдың Латын Америкасындағы бөлігі 1 желтоқсанда Лимадағы концертпен аяқталады. Димаш Құдайберген — Қазақстанның халық әртісі, алты октаваға жететін дауыс диапазонымен танымал. Ол қазақ, ағылшын, орыс, қытай, итальян және басқа да тілдерде ән салады.



