Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Сот Көкірекбаевты ауруына байланысты босатпақ, прокуратура қарсы

Алатау сотының 17 қарашадағы қаулысы заңды күшіне енген жоқ, өйткені прокуратура оның күшін жою туралы жеке өтінішхат енгізіп үлгерді.

Карим Кокрекбаев, бывший аким Жамбылской области

Алматы облысындағы Алатау қалалық соты 2026 жылғы 17 қарашада Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты ауыр науқасына байланысты 12 жылдық жазасын әрі қарай өтеуден босату туралы шешім шығарды. Бұл ақпаратты Tengrinews сұрауына жауап ретінде Алматы облысының прокуратурасы ресми түрде растады. Ведомство бұл шешіммен келіспейтінін және оның күшін жоюды талап етіп отырғанын да хабарлады.

«Алматы облысы Алатау қаласы сотының 17.11.2026 жылғы қаулысымен № 57 мекеме әкімшілігінің сотталған Көкірекбаев Қ.Н.-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 75-бабы тәртібімен ауыр науқасына байланысты жазасын әрі қарай өтеуден босату туралы ұсынымы қанағаттандырылды. Аталған сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Қазіргі уақытта прокуратура органдары аталған сот актісінің күшін жою туралы жеке өтінішхат енгізді», — делінген ведомство жауабында.

Яғни 69 жастағы бұрынғы әкімді босату туралы сотқа қорғау тарапы емес, № 57 колонияның әкімшілігі өзі жүгінген. Қаулы заңды күшіне енгенге дейін Көкірекбаев сотталған күйінде қалады. Прокуратура оның нақты қандай дертке шалдыққанын нақтыламады. Алматы облыстық соты журналистердің сұрауына әзірге жауап берген жоқ.

Бір күн бұрын Көкірекбаевтың бостандыққа шығуы мүмкін екенін журналист Михаил Козачков дереккөзге сілтеме жасап жазған еді. Енді бұл мәліметті қадағалау органы растады.

Кәрім Көкірекбаев 2013–2018 жылдары Жамбыл облысын басқарған, 2019 жылдан бастап ТЖМ-нің «Қазселденқорғау» мекемесін басқарды. 2022 жылғы желтоқсанда оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстады. Тергеу нұсқасы бойынша, кейін сот та мұны қуаттады, Көкірекбаев, оның орынбасары Әділет Ахатаев және мердігер Андрей Поплавский қорғаныс құрылыстарында, соның ішінде Қорғас өзенінде, іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қойған. Пара сомасы 396 млн теңге, мемлекетке келтірілген залал шамамен 2 млрд теңге болды. 2024 жылғы маусымда алқабилер Көкірекбаевты ақтады, бірақ сол жылғы шілдеде облыстық сот бұл үкімнің күшін жойды. 2025 жылғы 3 шілдеде іс қайта қаралғанда оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салынды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз