Алматыда жаңа кәсіби футбол клубы — «Алматы» ФК құрылып жатыр. Бұл туралы инсайдер Эльдар Аманбаев AmanVIBE Telegram-арнасында хабарлады. Оның дерегінше, жоба өкілдері команданы Екінші лигаға тіркеу ниетімен Қазақстан футбол федерациясына жүгініп те үлгерген. Клуб та, ҚФФ та бұл ақпаратқа әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Инсайдердің жазуынша, жаңа клуб нәтижені ұзаққа созбақ емес: команда алғашқы маусымның өзінде Бірінші лигаға шығуы тиіс. Құрамды Бірінші лигада ойнаған тәжірибесі бар футболшылар мен QJ League жасөспірімдер лигасының перспективалы түлектерінен жинау жоспарланған. Аманбаевтың сөзінше, жобаға тек жеке қаржы салынады: «Айта кетейін, «Алматы» ФК мемлекеттік қаржыландырусыз, толықтай жеке жоба болады».
AmanVIBE арнасының жаңа клуб туралы жазбасы:
Осы маусымаралықта қазақстандық футболға жеке қаржы келіп жатқаны бұл алғаш емес: бұған дейін инсайдерлер «Жетісудың» ALACEM инвесторына өтуі мүмкін екенін жазған, ал өскемендік «Алтайдың» құрылтайшылары қатарына AN Groups құрылыс компаниясы қосылған.



