Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының бұрынғы вице-президенті Владимир Корсунский ҚХЛ-дің тұрақты чемпионатында минскілік «Динамоға» өз алаңында 1:2 есебімен жеңілген «Барыстың» ойынын қатаң сынады. Ол Sports.kz-ке берген пікірінде астаналықтардың бүкіл шабуылы Джастин Бэйлиге ғана сүйеніп тұрғанын, ал қалған ойыншылар жауапкершілікті өз мойнына алмайтынын айтты.
«Ең жаман күдігім расталды. Кеше көшбасшымыз Джастин Бэйлиді жауып тастады, болды — енді гол соғатын ешкім жоқ. Ол әупірімдеп бір шайба соқты, бірақ оны басқа ешкім қолдамады. Бұлай ойнауға болмайды ғой! Басқа хоккейшілер де бастаманы өз қолына алуы керек емес пе. «Барыс» плей-оффқа өзі шыққысы келмейтін сияқты», — деді Корсунский.
«Динамомен» кездесу 22 қарашада Астанада өтті. Қонақтардың екі шайбасын да Сэм Энэс соқты, ал соңғы минуттарда «Барыс» алтау төртке қарсы ойнаса да, қақпашы Зак Фукаленің қорғанысын бұза алмады. Михаил Кравец командасы үшін бұл қатарынан үшінші жеңіліс болды, ал ойыннан кейін бапкер баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына ашулана жауап берді.
«Барыс» келесі ойынын 25 қарашада өз алаңында череповецтік «Северстальмен» өткізеді.



