«7-20-25» жеңілдетілген ипотекасы 2029 жылдың соңына дейін жұмыс істейді, Дүниежүзілік банк бағдарламаны жабуды ұсынғанына қарамастан, оны мерзімінен бұрын тоқтату жоспарланбаған. Бұл туралы Ұлттық банкке сілтеме жасап, Atameken Business хабарлады.
Бағдарлама бекітілген қаржыландыру аясында жалғасады. 2023 жылдан бері оның жылдық лимиті – 100 млрд теңгеге дейін, 2027 жылға да осынша қаражат қарастырылған. «7-20-25» арқылы барлығы 87 мыңнан астам қарыз алушы баспаналы болды, берілген несиелердің жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асты.
Ұлттық банк бұдан әрі жеңілдетілген несиеден біртіндеп кететінін аңғартты. «Сонымен қатар Ұлттық банк жеңілдетілген кредит беруге қатысуын біртіндеп қысқарту және қаржыландырудың нарықтық тетіктерін дамыту бойынша дәйекті тәсілді ұстанады», – деді реттеуші өкілдері. Олардың түсіндіруінше, нарықтан төмен мөлшерлемемен берілетін несиенің үлкен көлемі инфляцияны үдетуі мүмкін.
«7-20-25» рәсімдегісі келетіндер үшін шарттар өзгерген жоқ: бастапқы нарықтағы баспана, жылдық 7% мөлшерлеме, кемінде 20% бастапқы жарна және 25 жылға дейінгі мерзім. Бірақ жылдық лимит өспейді, демек бағдарлама бойынша қаражат бұрынғыдай шектеулі. 2029 жылдан кейін оның орнына не келетіні әзірге белгісіз.
Жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Айбар Олжаев мемлекет көмектің атаулылығын күшейтеді деп санайды: қолдауды алғашқы баспанасын өзі сатып ала алмайтын не оған жинай алмайтын адам алуға тиіс. Ықтимал құралдар ретінде ол нарықтан арзан баспана салуды және жарнасы мен мөлшерлемесі төмен жеңілдетілген ипотеканы атады.
«7-20-25» бағдарламасы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қараша айының ортасында Дүниежүзілік банк пен IFC баяндамасында оны жеткілікті атаулы емес деп бағалап, нарықтық ипотекаға көше отырып, біртіндеп жабуды ұсынған болатын.



