Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Сүт безі обыры: FDA ерте сатыға гиредестрант таблеткасын мақұлдады

Шешім мерзімінен бір апта бұрын шықты: реттеуші оны 30 қарашаға дейін қабылдауы тиіс еді.

Здание Управления по контролю за продуктами и лекарствами США (FDA) в Силвер-Спринге
Фото: FDA

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) 23 қараша, дүйсенбі күні швейцариялық Roche компаниясының гиредестрант (сауда атауы – Wilserdly) дәрісін I–III сатыдағы сүт безі обырын емдеуге мақұлдады, деп хабарлады FDA. Таблетка ересек науқастарға операциядан кейін гормондық терапияның жалғыз дәрісі ретінде тағайындалады. Бұл эстроген рецепторлары бар, ал HER2 ақуызы жоқ, ауру қайталану қаупі орташа не жоғары ісіктерге қатысты.

Сүт безі обырының бұл түрі ең жиі кездеседі: Roche дерегінше, ол барлық жағдайдың шамамен 70%-ын құрайды, ал мұндай ісіктердің 90%-дан астамы ерте сатыда анықталады. Гиредестрант – эстроген рецепторларын ыдырататын ішуге арналған дәрілердің (SERD) жаңа класынан ауруды әлі толық емдеуге болатын кезеңде қолдануға рұқсат алған алғашқы препарат. Бұған дейін мұндай таблеткалар тек асқынған обырға мақұлданған.

FDA 4170 науқас қатысқан lidERA клиникалық сынағының нәтижесіне сүйенді. Қатысушылардың жартысы гиредестрант, қалғаны стандартты терапия – тамоксифен, анастрозол, летрозол немесе эксеместан қабылдады. Үш жылдан кейін гиредестрант тобындағы науқастардың 92,4%-ында, салыстыру тобында 89,6%-ында ауру қайталанбаған, обырдың басқа белгілері де байқалмаған. Ауру қайталану немесе өлім қаупі 30%-ға төмендеді. Дәрінің өмірді ұзартатыны туралы дерек әзірге жеткіліксіз: бұл көрсеткіш әлі толық жиналмаған.

Науқастар көбіне бұлшықет пен сүйек ауырсынуына, қызу басуға, шаршауға, бас ауруы мен жүрек айнуына шағымданған. Кейбірінің тамыр соғысы баяулаған. Қан талдауында бауыр ферменттері, холестерин, кальций мен калий көрсеткіштері жиі өзгеріп, лейкоциттер саны азайған.

Бұдан бір апта бұрын, 16 қарашада, FDA дәл осы дәріні эверолимуспен бірге ESR1 генінде мутациясы бар асқынған сүт безі обырын емдеуге мақұлдаған. Осыдан кейін Roche АҚШ-та айына 22 500 доллар (Ұлттық банк бағамы бойынша шамамен 10,2 млн теңге) баға белгілеген, деп жазады pharmaphorum. Ерте сатылар бойынша шешім 30 қарашаға дейін күтілген еді.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі мен Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы гиредестранттың елде тіркелгені туралы хабарламаған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз