23 қарашаға қараған түні Уилл Смит пен Джада Пинкетт-Смиттің Калифорниядағы Калабасас қаласындағы иелігінде шаруашылық құрылысы өртенді. Хабарлама жергілікті уақытпен сағат 00:04-те, Астана уақытымен 13:04-те түскен. Өрт туралы алғаш TMZ хабарлады. Содан кейін әлеуметтік желіде бүкіл иелік жанып жатқандай етіп көрсеткен бейнелер тарап кетті.
Алайда өрт онша ауқымды болмаған. Малибу/Лост-Хиллс шериф басқармасы E! News-ке жолдаған мәлімдемесіне сәйкес, өрт туралы күзет хабарлаған: аумаққа қызмет көрсетуге арналған құрал-сайман сақталатын қойма жанған. «Лос-Анджелес округі өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері келіп, өртті сөндірді. Басқа ғимараттар зардап шеккен жоқ, ешкім жараланбады. Өрт кездейсоқ шыққан», — делінген мәлімдемеде.
Өрт сөндірушілердің нақтылауынша, жалын үйге де, айналадағы құрғақ бұталарға да тараған жоқ, ал сағат 00:49-да өрт толық сөндірілді. Page Six құтқарушылардың сөйлесу жазбасын жариялады. Онда өрт сөндіруші: «Бізде қойма жанып жатыр, от бұталарға өткен жоқ», — деп баяндайды.
Ерлі-зайыптылардың сол түні үйде болған-болмағаны белгісіз. Олардың өкілдері өрт жөнінде әзірге пікір білдірмеді. Бұдан екі күн бұрын Смит пен Пинкетт-Смит балалары Джейден, Уиллоу және екі әжемен бірге Малибуда серуендеген еді.
Смиттер бұл жерді 2003 жылы сатып алып, жылдар бойы шамамен 60 гектарлық иелікке айналдырған, басты үй аумақтың ішкі жағында орналасқан. Иелік 42 млн доллар, яғни шамамен 19,1 млрд теңге деп бағаланады. Мұнда өрт бірінші рет шығып отырған жоқ: 2021 жылғы қыркүйекте өрт сөндірушілер басты үйдің жертөлесіндегі өртті сөндірген.
Уилл Смит 58 жаста. Ол «Қара киімді адамдар» мен «Жаман жігіттер» фильмдерінің жұлдызы, ал 2022 жылы «Ричард патша» фильміндегі рөлі үшін «Оскар» алған. Джада Пинкетт-Смит 55 жаста. Ол 2023 жылы жұбайымен 2016 жылдан бері бөлек тұратынын айтқан, бірақ олар ажыраспаған.



