Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

Иран Ормуз бұғазында тағы үш танкер минаға соғылды деп мәлімдеді

ИРСК-ның айтуынша, бұғаздың шығысында жарылған екі кеме АҚШ әскерилерінің әуе сүйемелдеуімен келе жатқан.

Человек в белом защитном костюме сидит на галечном берегу у Хасаба, в море стоят танкеры и другие суда
Фото: CBC

Иранның элиталық қарулы күші – Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) 23 қараша, дүйсенбі күні бірнеше сағат ішінде Ормуз бұғазында үш мұнай танкері теңіз минасына соғылғанын мәлімдеді. Иран әскерилерінің сөзінше, кемелерде қуатты жарылыс болып, қатты өрт шыққан. ИРСК Әскери-теңіз күштерінің мәлімдемесін Иранның мемлекеттік БАҚ-ы таратты, деп хабарлайды Al Jazeera.

ИРСК-ның нұсқасы бойынша, бір танкер бұғаздың оңтүстік жағалауында, тағы екеуі оның шығысында жарылған. Тегеранның айтуынша, бұл екі кеме АҚШ Қарулы күштерінің ауқымды әуе сүйемелдеуімен келе жатқан, бірақ ол жарылыстың алдын ала алмаған. Мәлімдемеде танкерлер теңіз шектеулерін бұзушылар деп аталған. «Ормуз бұғазы рұқсатсыз бағыттарды сынап, теңіздегі ескертулерді елемейтін орын емес», – делінген мәлімдемеде. Нұсқауға бағынбаған кемелерді ИРСК «басқыншы күштермен ынтымақтасушы» деп санайтынын ескертті.

Иран танкерлердің атауын, туын, экипажы мен келтірілген зиянның көлемін атамады. 24 қарашаның таңында тәуелсіз теңіз қызметтерінен бұл дерекке растау болған жоқ.

Сол күні Катар премьер-министрі әрі сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бин Абдулрахман Әл Тани Al Jazeera арнасына Таяу Шығыс АҚШ пен Иран арасындағы тағы бір шиеленісті көтере алмайтынын айтты. Ол АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесіп, өз сөзінше, Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге күш салып жатыр.

Танкерлердің жарылғаны туралы мәлімдемелер бірнеше аптадан бері айтылып келеді: JMIC теңіз орталығының дерегінше, 16 қарашадан бері бұғазда жеті танкер зардап шекті, airpress.kz бұл туралы жазған. АҚШ Иран порттарын теңізден қоршауда ұстап отыр. 22 қарашада Дональд Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында қоршауды бұзуға тырысқан кемелерге қатаң ескерту жасады: «Олар тырысып көрсе екен деймін – бәрі қалған флоты сияқты теңіз түбінде жатады». Дүйсенбіде Иран СІМ ресми өкілі Есмаил Бағаи қоршауды әскери агрессия деп атап, оған барлық қолжетімді құралдармен қарсы тұратынын мәлімдеді. Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бірі өтеді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз