Мадридтің «Реал» клубының бас бапкері Жозе Моуринью төрешілер «Барселонаға» да, «Реалға» да көмектеседі деп мәлімдеген «Вильярреалдың» жартылай қорғаушысы Санти Комесаньяға өткір жауап берді. Португалиялық маман бұл пікірін 23 қарашада Чемпиондар лигасындағы ПСВ-мен ойын алдындағы баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Eurosport.
Комесанья «Вильярреал» «Камп Ноуда» жеңілгеннен кейін төрешілерді сынап: «Бізде «Бернабеуде» де дәл солай болды. «Барса» мен «Реалдың» төрешілерге түсіретін қысымы өте күшті», – деген. Моуринью сол ойынды еске салды: «Оның есі ауысқан, өйткені «Реалды» еске алып отыр. «Реалға» қарсы ойында есеп 2:0 болды, ойын бітті, бірақ гол есептелмеді, Винисиус алаңнан қуылды. «Реал» 20 минут және қосымша сегіз минут он адаммен ойнады».
«Ақ-сарылар» бапкері клубты Негрейра ісі бойынша «Барселонамен» бір қатарға қоюға тырысқанға жеке тоқталды: «Не оның есі ауысқан, не екі команданы бір қапқа салу оларға оңай. Солай істесін, бірақ Негрейраға қатысты емес. Негрейра туралы сөз болғанда бізді араластырмасын. Ал мұндай ұсақ-түйек туралы бос сөз айтқысы немесе ұмытшақ болғысы келсе – оның еш сөкеттігі жоқ». Бұл «Барселона» Испания төрешілер комитетінің бұрынғы вице-президенті Хосе Мария Энрикес Негрейраның компаниясына көп жыл бойы ақша төлеген деп айыпталып отырған іс.
Моуринью Винисиустың ПСВ-ға қарсы негізгі құрамда шығатынын да растады. Бапкердің айтуынша, «Вильярреалмен» ойындағы қызыл қағаз бразилиялықтың өрлеуін үзіп жіберген болуы мүмкін, бірақ ол футболшының ең жоғары деңгейіне қайта оралатынына сенімді. Қарсыласты португалиялық турнир кестесіндегі ұпайынан да қымбат тұратын команда деп атады.
«Реал» барлық турнирде қатарынан тоғыз ойында жеңіске жетті. ПСВ-мен «Сантьяго Бернабеудегі» ойын Астана уақытымен 25 қарашаға қараған түні сағат 01:00-де басталады.



