Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

Binance: АҚШ Әділет министрлігі ұрланған 1,17 млрд долларлық USDC-ті тәркілеуді талап етті

Монеталар 18 блокчейндегі 36 мекенжайда тұр, ал оларды шығарған Circle сот тәркілеуге рұқсат берсе, орнына жаңа монета шығаруға дайын.

Криптобиржа Binance
Крипторынок укрепился после помилования основателя Binance

АҚШ Әділет министрлігі 23 қарашада Binance криптобиржасын бұзу кезінде ұрланған шамамен 1,17 млрд долларлық (шамамен 532 млрд теңге) USDC стейблкоинін тәркілеу туралы федералдық сотқа азаматтық талап арыз берді. Бұл – америкалық биліктің ұрланған қаражаттың бір бөлігін қайтаруға арналған алғашқы ресми қадамы. Талап арыздың егжей-тегжейін құжатпен танысқан The Block басылымы келтірді.

Талап арыз адамдарға емес, ақшаның өзіне қарсы берілген. Азаматтық тәркілеу осылай жүреді: алдымен сот қылмысқа қатысты мүліктің тағдырын шешеді, содан кейін оған кімнің заңды құқығы бар екенін анықтайды. USDC – Circle компаниясының «цифрлық доллары», әр монета АҚШ долларына байланған. Даулы монеталар 18 блокчейндегі 36 мекенжайда тұр. Circle оларды ұрлықтан кейін бірден бұғаттаған, бірақ бастапқы токендерді бұғатталған мекенжайлардан аудара алмайды. Сондықтан компания сот тәркілеуді мақұлдаса, дәл сондай сомаға жаңа USDC шығарып, мемлекетке беруге келісті.

Әділет министрлігінің дерегінше, ұрлықтан бері америкалық билік 2,9 млрд доллардан астам (шамамен 1,3 трлн теңге) қаражатты бұғаттауға, алуға немесе қайтаруға көмектескен. Ведомство 12 қарашада 1,2 млрд доллардан астам қаражатқа тыйым салуға соттан рұқсат алған, бірақ ол кезде тәркілеу туралы талап арыз әлі берілмеген еді.

Ұрланған қаражаттың қалған бөлігін хакерлер әлі де жылыстатып жатыр. CoinDesk хабарлауынша, Elliptic компаниясының талдаушылары биткоин-миксерлер – түрлі иелердің монеталарын араластырып, ізін шатастыратын сервистер арқылы шамамен 247 млн доллар өткізілгенін, ал тағы шамамен 2,35 млрд доллар әлі жылыстатылмағанын анықтаған. Elliptic мәліметінше, мұндай операциялардың барлығы дерлік бір уақытта жүрген, бұл ақшаның Қытайдағы жылыстатушыларға берілуі мүмкін екенін көрсетеді.

Binance 29 қазанда бұзылды. ФБР шабуылды КХДР әскерилеріне жұмыс істейтін TraderTraitor солтүстіккореялық тобымен байланыстырады. Биржа шығынды 6,34 млрд долларға (шамамен 2,9 трлн теңге) бағалап, клиенттердің шығынын толығымен өз қаражатынан өтегенін мәлімдеді. Бұл – криптовалюта тарихындағы ең ірі ұрлық. Сонымен қатар Binance Әбу-Дабидегі сот арқылы ұрланған 6,5 млрд долларды бүкіл әлемде бұғаттауға қол жеткізді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз