Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

ҚФФ футзалдағы «Шымкент» пен «Оқжетпесті» жазалады

Ең қатаң жазаны Екінші лигадағы «Хромтаудың» бапкері алды: төрешіні итергені үшін ол бес ойыннан шеттетілді.

Игроки «Елорды» в матче 1/4 финала Кубка Казахстана по футзалу против «Тулпара»
Фото: МФК «Елорда»

Футзалдан «Шымкент» командасының капитаны Медет Құдайбергенов қарсыластарына күш көрсетемін деп қорқытқаны үшін екі ойынға шеттетіліп, 30 АЕК (129 750 теңге) айыппұл арқалады. Бұл шешімді Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және әдеп комитеті 20 қарашадағы отырысында қабылдады. Бұл туралы 24 қарашада ҚФФ хабарлады. Бұл жолы жазаның басым бөлігі футзал Суперлигасының клубтарына тиді.

Ең шиеленісті ойын 14-турдағы «Тұлпар» — «Шымкент» кездесуі болды. Қонақтардың капитанынан бөлек, комитет «Тұлпардың» екі ойыншысын шеттетті: Ерасыл Бүркітбаев шамадан тыс күш қолданып, агрессивті ойнағаны үшін үш ойынға, Медет Дурмағамбетов дөрекі ойыны үшін екі ойынға шеттетілді. Екі клубқа да 30 АЕК айыппұл салынды: «Шымкентке» — бес ескерту үшін, «Тұлпарға» — екі ойыншысы алаңнан қуылғаны үшін.

«Оқжетпес» 11-турда «Каспиймен» өткен ойыннан кейін жанкүйерлердің алаңға жаппай шыққаны үшін 30 АЕК төлейді. Комитет мұны қауіпсіздік ережелерін бұзу және ойынды тиісінше ұйымдастырмау деп бағалады.

Өзге футзалшылар да жазаланды. «Бәйтеректің» ойыншысы Арман Мұрат үш ойын, «Елорданың» ойыншысы Диас Усейінов екі ойын, «Шымкенттің» ойыншысы Ұлан Жақсылықов бір ойын өткізіп алады. «Шымкентке» 11-турдағы бес ескерту үшін тағы 30 АЕК айыппұл салынды, «Ақтөбе» де «АЯТ Рудныймен» ойыны үшін сонша төлейді, ал «Атырау» Суперлига серіктесінің жарнамасы үшін ескерту алумен шектелді.

Ең ұзақ шеттету Екінші лигада болды. «Хромтаудың» бас бапкері Ақниет Сахман «ВПР Астанамен» турнир жеңімпазы атағы үшін ойында ресми тұлғаны әдейі итеріп, балағаттағаны үшін бес ойынға шеттетілді. Команданың ойыншысы Тимур Қуантаев үш ойын өткізіп алады, ал клуб команда мен жанкүйерлердің мінез-құлқы үшін 30 АЕК-тен екі айыппұл алды. Барлық айыппұлды 20 желтоқсанға дейін төлеу керек.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз