Петропавл қалалық соты 52 жастағы слесарь-сантехникті жеті жылға орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге кесті. Ол бірнеше жыл бойы өзі қызмет көрсеткен тұрғын үйдің жертөлесіндегі жасырын бөлмеде қарасора өсірген. Бұл туралы үкімге сілтеме жасап Tengrinews хабарлады.
Терезесіз бөлмені сантехник жұмыс барысында тапқан: жертөле қабырғасындағы тесіктің арғы жағында шағын бөлме болған. Құпия орынға ешкім кездейсоқ тап болмасын деп ол тесікті ескі диванмен жауып қойған. Іс материалдарына сәйкес, алғашқы өнім аз болған, ал 2024 жылдың күзінде ер адам тұқым мен құрал-жабдық сатып алып, бөлмені нағыз плантацияға айналдырған. Соңғы бұталарды ол 2026 жылғы 19 ақпанға дейін, яғни жертөлеге Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҰҚД қызметкерлері келгенге дейін өсірген.
Күштік құрылым өкілдері 8 келіден астам тірі өсімдік пен 1,25 келі кептірілген марихуана тәркіледі — заң бойынша бұл аса ірі мөлшер. Қордың бір бөлігі мұздатқыш камерада сақталған. Сотта ер адам кінәсін мойындап, қарасораны өзі үшін өсіргенін, ешкімге бермегенін және сатпағанын айтты.
Тінту кезінде одан қару да табылды: қарапайым қапта атуға жарамды ТОЗ-8 мылтығы мен 170-ке жуық жауынгерлік оқ жатқан. Сотталушы қапты бір кездері үй тұрғындарының бірі сақтауға бергенін түсіндірді. Кейін ол кісі әйелімен бірге қайтыс болған, ал сантехник қаруды полицияға тапсыруға қорқып, уақыт өте келе ұмытып кеткен.
Ол бірден үш бап бойынша сотталды: құрамында есірткі бар өсімдіктерді аса ірі мөлшерде өсіру, есірткіні өткізу мақсатынсыз дайындау және сақтау, қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтау. Сотта жұмыс берушілер оны ішімдік ішпейтін, жауапкершілігі мол маман ретінде мақтап, бас бостандығынан айырмауды сұрады, ал туыстары оның анасы мен мүгедектігі бар бауырларына қарайтынын айтты. Дегенмен сот қылмыстардың ұзақ уақыт жасалғанын ескеріп, нақты мерзім тағайындады. Ер адам сот залында қамауға алынды, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.



