Ұлттық қауіпсіздік комитеті тамыздан қазанға дейінгі үш айда есірткі жеткізудің 19 арнасын жауып, бес жасырын зертхананың жұмысын тоқтатты. Күдікті ретінде 45 адам ұсталды. Бұл туралы 24 қарашада ҰҚК хабарлады.
19 арнаның сегізі халықаралық, 11-і өңірлік болған. Халықаралық арналар басқа мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен бірлесіп жабылды: осы кезеңде сегіз бірлескен есірткіге қарсы операция өтті. Қазақстандық күштік құрылымдар қай елдермен жұмыс істегенін ведомство нақтыламады.
ҰҚК мәліметінше, заңсыз айналымнан барлығы 1,3 тоннадан астам есірткі алынған. Олардың ең көбі — синтетикалық опиоид пен марихуана:
| Не тәркіленді | Көлемі |
|---|---|
| Синтетикалық опиоид | 525 кг |
| Марихуана | 404,6 кг |
| Қарасора бұталары | 320,6 кг |
| Синтетикалық есірткі | 18,4 кг |
| Гашиш | 14,2 кг |
| Апиын | 11,1 кг |
Бұдан бөлек, 2,6 тонна прекурсор — синтетикалық есірткі жасалатын химиялық заттар — және күшті әсер ететін препараттардың 2650 таблеткасы алынды.
Ұсталған 45 адамның 40-ы — Қазақстан азаматы, бесеуі — шетелдік. Барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Операциялар өткен өңірлер мен күдіктілердің аты-жөнін ҰҚК жарияламайды: ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу құпиясына сілтеме жасады.
Бұл — ҰҚК-ның қарашадағы екінші ірі есебі. Жақында комитет полициямен бірге қарудың заңсыз айналымына қарсы операция туралы хабарлаған: сол кезде Шымкент пен 10 өңірден 45 атыс қаруы, 10 граната және 1200-ден астам оқ-дәрі тәркіленді.



