Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

Такси сервисі Qajet-ке мемлекет ақша емес, карта мен сервер береді

Мәдиевтің айтуынша, Qajet Taxi қосымшасын 500 мыңнан астам адам пайдаланады, ал онда тіркелген жүргізушілер саны 50 мыңнан асады.

Смартфон с приложениями для заказа такси Uber и Lyft

Отандық Qajet Taxi такси шақыру сервисіне бюджеттен қаржы бөлінбейді, бірақ мемлекет оған технологиялық көмек көрсетеді: картография, серверлік және суперкомпьютерлік қуат береді. Бұл туралы 24 қарашада Үкіметтегі брифингте Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазір біз оларға қаржылай көмек көрсетпейміз. Олар жеке инвесторлар тартып, қаражатты өздері іздейді. Бұл мемлекеттің ақшасы емес. Бірақ картография, серверлік және суперкомпьютерлік қуат тұрғысынан көмектесеміз», — деді министр. Оның сөзінше, жобаның болашағы жұмыс тобының отырысында талқыланған.

Мәдиевтің дерегінше, Qajet Taxi қосымшасын 500 мыңнан астам адам пайдаланады, ал онда тіркелген жүргізушілер саны 50 мыңнан асады. Сервис бұрын Qapal Taxi деп аталған.

Министрлік басқа отандық әзірлеушілерге де көмектесуге дайын. Мәдиев мысал ретінде inDrive компаниясын атады. Оның айтуынша, бұл компанияны да қазақстандық стартап деп санауға болады: негізін қалаушы Қазақстан азаматтығын алған, бас кеңсесі елімізде орналасқан, ал компанияның өзі жеке картографиялық шешімдерін ұсынуға дайын. «Осындай басқа да стартаптар мен қосымшалар болса, олармен жұмыс істеуге дайынбыз», — деп қосты ол.

Жолаушылар мен такси жүргізушілері үшін әзірге ештеңе өзгермейді: министр тариф, комиссия немесе жүргізушілерге арналған жаңа талаптар туралы айтқан жоқ. Әңгіме тек сервистің техникалық негізі — карта мен есептеу қуаты жайында болып отыр.

Qajet-ке «Қазгеодезияның» цифрлық карталарын енгізу жоспары туралы Цифрлық даму министрлігі 17 қарашада хабарлаған. Қазір сервис 2GIS карталарымен жұмыс істейді, ал оған көшу мерзімін министрлік атамаған. Qajet қазан айында «Яндекс» сервистерінде ауқымды іркіліс болғаннан кейін белсенді жарнамалана бастады: 11 қазанда пилотсыз ұшу аппаратының шабуылынан кейін компанияның Владимир қаласындағы дата-орталығы тоқтап қалды, ал қазақстандық такси жүргізушілері мен курьерлер біраз уақыт тапсырыс қабылдай алмай, тапқан ақшасын шығаруда қиындыққа тап болды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз