Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

Малайзия желтоқсанда Мьянмаға 6,5 мыңнан астам босқынды қайтарады

Бұл шешім БҰҰ Халықаралық соты Мьянманы рохинджаларға қарсы геноцидке кінәлі деп танығаннан кейін бес күн өткенде жарияланды.

Вернувшиеся из Малайзии граждане Мьянмы смотрят из окна автобуса на базе ВМС в Танлине
Фото: Al Jazeera

Малайзия желтоқсанда 6,5 мыңнан астам босқын мен баспана іздеушіні Мьянмаға кері қайтарады. Бұл туралы 24 қарашада парламентте Малайзия премьер-министрі Анвар Ибраһим мәлімдеді, деп хабарлайды Al Jazeera AFP мен Reuters агенттіктеріне сілтеме жасап.

Анвардың айтуынша, Мьянманың 1500 азаматы 6–7 желтоқсанда әскери-теңіз күштерінің үш кемесімен жеткізіледі. «Желтоқсан бойы 5303 адам Мьянма үкіметінің есебінен ұшақпен жеткізіледі», – деді премьер.

Бұл шешім БҰҰ Халықаралық соты Мьянманың күштік құрылымдары рохинджаларға қарсы геноцид жасады деп таныған үкімнен кейін бес күн өткенде жарияланды. Сот Мьянма билігін босқындардың «қауіпсіз, ерікті әрі лайықты түрде оралуына мүмкіндік беріп, жәрдемдесуге» міндеттеген. Анвар Малайзияның Мьянмамен байланыстары осы шешімге сәйкес келетінін айтты. Ол баспана іздеушілердің көбі «Мьянма режимі жасаған қатыгездіктің құрбаны» екенін мойындады. Алайда премьердің сөзінше, Малайзия енді босқындарды қабылдай алмайды, ал оларды үшінші елдерге көшіру үміті ақталмады.

Бұл – қайтарудың алғашқы толқыны емес. Қыркүйектің соңында Малайзия 1476 адамды әскери кемелермен Мьянмаға жіберген еді. Ол кезде құқық қорғаушылар бұл тәсілді ашық емес деп сынаған. Қазан айында Куала-Лумпур оралған жүздеген адамның әскери қамауда отырғаны туралы хабарларға байланысты Мьянмадан түсініктеме сұрайтынын мәлімдеді.

БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының дерегінше, тамыз айындағы жағдай бойынша Малайзияда 225 740 босқын мен баспана іздеуші тіркелген, олардың шамамен 90%-ы – Мьянмадан келгендер. Елдегі Мьянмадан келген 190 мың босқынның үштен екісін негізінен мұсылман рохинджалар құрайды. Малайзия ұзақ уақыт Мьянмадан келгендерді қабылдап келді, бірақ соңғы жылдары оларды ұстауды қаржылық ауыртпалық әрі қауіпсіздікке төнген қатер деп атайды. Қазан айында Малайзия Мьянма президенті, әскери хунтаның бұрынғы басшысы Мин Аунг Хлайнды қабылдады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз