Мазмұнға өту

БҰҰ соты Мьянманы рохинджаларға қарсы геноцидке кінәлі деп таныды

Судьялардың тұжырымы бойынша, 2017 жылы Мьянма әскерилері 10 мыңға жуық рохинджаны өлтірген, ал шешімнің өзі түпкілікті әрі шағымдануға жатпайды.

Беженцы-рохинджа в лагере Кокс-Базар в Бангладеш тянутся за гуманитарной помощью, 2017 год
Фото: Reuters

БҰҰ Халықаралық соты 2026 жылғы 19 қарашада Гаагада Мьянманы рохинджа халқына қарсы геноцид жасады деп таныды. Сөз 2017 жылғы әскери операция туралы болып отыр: сол кезде 730 мыңнан астам рохинджа көрші Бангладешке қашып кетті. Сот 80 жылдық тарихында мемлекетті геноцидке кінәлі деп алғаш рет тапты. CNN хабарлауынша, шешім алты дауысқа қарсы тоғыз дауыспен қабылданды.

Соттың төрағасы Юдзи Ивасава шешімді үш сағатқа жуық оқыды. Судьялардың тұжырымы бойынша, «тазарту операциялары» кезінде Мьянманың күш құрылымдары 10 мыңға жуық рохинджаны өлтірген, жаппай жыныстық зорлық-зомбылық жасаған, балаларға қатыгездік көрсеткен, Бангладешке өтпек болған адамдарға шабуыл жасаған. Бала тумасын деп ерлер мен әйелдерді бөлек ұстаған. Өшпенділік науқаны рохинджаларды «толық адам емес» әрі қауіп ретінде көрсеткен. Сот мұндай әрекеттердің бір ғана қисынды түсіндірмесі бар деп тапты: ол – Ракхайн штатының солтүстігіндегі рохинджалардың едәуір бөлігін жою ниеті. Геноцидтің заңдық шегі дәл осы. Сонымен қатар Мьянма геноцидтің алдын алу міндетін бұзған.

Мьянма өз әскері «Арақан рохинджа құтқару армиясының» содырларына қарсы терроризмге қарсы операция жүргізді деп дәлелдеген еді, бірақ сот бұл уәжді қабылдамады: әскерилер содырлар мен бейбіт тұрғындарды ажыратпаған. Мьянма билігі геноцид туралы айыптауларды үнемі жоққа шығарып келді. Шешім жарияланған отырысқа ел атынан министр Ко Ко Хлаинг қатысты.

Шешім түпкілікті, оған шағымдануға болмайды. Гамбия Мьянманы кінәлілерді жазалауға, өтемақы төлеуге, босқындарды үйіне қайтаруға және оларға азаматтық беруге міндеттеуді сұраған. Соттың шешімді мәжбүрлеп орындататын өз тетігі жоқ: Мьянма шешімді орындамаса, Гамбия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жүгіне алады. Заңгерлер бұл үкім басқа істерге де, соның ішінде Оңтүстік Африка Республикасының Израильге қарсы Газадағы геноцид туралы талап арызына да әсер етеді деп күтуде.

Мьянмаға қарсы талап арызды 2019 жылы Гамбия Ислам ынтымақтастығы ұйымының қолдауымен берген, бұл ұйымға Қазақстан да мүше. Іске тағы 11 мемлекет, соның ішінде Ұлыбритания, Германия, Франция және Канада қосылды. Мьянма билігі рохинджаларды өз азаматы деп мойындамайды, оларды заңсыз мигрант санайды. БҰҰ деректеріне қарағанда, 1,3 млн-ға жуық рохинджа әлі күнге дейін отанынан тыс жүр, оның 1,2 млн-ы Бангладештегі Кокс-Базар лагерьлерінде тұрады. Мамыр айында бұл лагерьлерге Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі ретінде Димаш Құдайберген барған болатын.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз