Tesla басшысы Илон Маск компания Қытайдағы өндірісін ұлғайта беретінін мәлімдеді. Ол бұл туралы 19 қарашада Шэньчжэньде Қытайдың халықаралық сауданы дамыту кеңесінің төрағасы Жэнь Хунбиньмен кездесуде айтты. Жэнь Хунбинь 2026 жылғы АЭЫҰ бизнес-саммитін де басқарады. Маскінің сөзін алғаш рет CCTV телеарнасымен байланысты Yuyuan Tantian блогы таратты, деп жазады CnEVPost. Маск нақты мерзім мен көлемді атаған жоқ.
Бұл – Маскінің Шэньчжэньге алғашқы ашық сапары. Ол 18 қарашада АЭЫҰ көшбасшылары апталығының іс-шараларына американ делегациясы құрамында келді. Кездесуде Маск өзін «Қытайдың суперфанаты» деп атап, елдің сәулетін, табиғатын және темір жолдарын мақтады. Америкалық бағдарламаға бейнебайланыс арқылы берген сұхбатында ол Шэньчжэньді Қытайдағы озық технологиялардың ең ірі орталығы деп атады. Сондай-ақ Қытай мен АҚШ арасындағы жақсы сауда қарым-қатынасы белгілі бір деңгейде бүкіл әлемге пайдалы екенін айтты.
Шанхай зауыты – Tesla-ның ең ірі өндіріс алаңы әрі басты экспорт орталығы. Ол 2019 жылдың соңынан бері жұмыс істеп келеді, Model 3 пен Model Y шығарады, жылына шамамен 1 млн көлік өндіруге есептелген. CnEVPost деректері бойынша, 2026 жылғы қаңтар–қазан аралығында зауыт 810 889 көлік жөнелткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,42 пайызға көп. Зауытқа қажетті бөлшектердің дерлік бәрі Қытайда жасалады: жергілікті бөлшектердің үлесі 98 пайызға жетті, Tesla-ның бірінші деңгейдегі қытайлық жеткізушілері 400-ден асады.
Өсімді экспорт қамтамасыз етіп отыр. Он айда Шанхай зауыты шетелге 420 984 көлік жөнелтті – бұл өткен жылғыдан екі есе көп (+101,28 пайыз). Ал Қытайдың ішкі нарығындағы сату осы кезеңде 15 пайызға азайып, 389 905 көлікке түсті. Қазанда Tesla Қытайда небәрі 8,8 мың көлік сатты. Бұл өткен жылғыдан 66,1 пайызға аз, ал 67 829 жеткізілімнің рекордтық 87 пайызы экспортқа тиесілі болды.
Маскінің сапары Tesla мен SpaceX-тің ықтимал бірігуі талқыланып жатқан кезге тұспа-тұс келді: Bloomberg хабарлауынша, мәміленің басты кедергісі – Tesla-ның Қытайдағы бизнесі. Шэньчжэньнен келген жаңалықтан кейін Tesla акциялары биржа ашылғанға дейінгі саудада қымбаттады.



