Шанхайда Криштиану Роналдудың мұражайы ашылды — бұл Қытайдың құрлықтағы бөлігіндегі алғашқы осындай мұражай. Оның кіреберісін португалдың әйгілі «Сиу» қуанышын бейнелейтін жеті метрлік мүсіні безендіріп тұр. Ұйымдастырушылар бұл мүсінді Роналдудың әлемдегі ең биік толық бойлы мүсіні деп атайды. CR7 мұражайы алғашқы келушілерін 21 қараша, сенбіде қабылдады, деп хабарлайды A Bola.
Мүсінде Роналду Португалия құрамасының жетінші нөмірлі формасын киіп, қолын екі жаққа жайып тұр. Футболшының өзі салтанатқа келмеді. Ашылу алдындағы кері санақты оның ағасы Уго Авейру жүргізді, ал жиналған жанкүйерлер әйгілі «Сиу» сөзін бірге айқайлады.
Мұражай Нанкин-Лу көшесіндегі Shanghai No. 1 сауда орталығының үшінші қабатында орналасқан, оның аумағы шамамен 3000 шаршы метр. Бұл — қаланың ең ірі сауда аудандарының бірі. Он тақырыптық аймақта Мадейрадан әкелінген, Роналдудың жеке коллекциясындағы 50-ден астам зат қойылған. Олардың арасында 2008 жылғы «Алтын доп», ойын жейделері мен бутсылар бар. Келушілер Роналду жасөспірім кезінде тұрған лиссабондық «Спортинг» академиясы жатақханасының бөлмесін, сондай-ақ «Ән-Насрдың» киім ауыстыратын бөлмелері мен алаңға шығатын туннелін көре алады. Интерактивті аймақтар да бар, солардың бірі «Ювентус» қақпасына басынан асыра соққан әйгілі голына арналған.
Мұражай Шанхайда бір жыл жұмыс істейді, ал мүсін кіреберісте 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін тұрады. Роналдудың басты мұражайы Мадейрада орналасқан, 2025 жылы осыған ұқсас мұражай Гонконгте ашылған. 41 жастағы португал мансабын «Ән-Насрда» жалғастырып жүр, ал 5 қарашада Португалия құрамасындағы мансабын аяқтайтынын жариялады.



