Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

Де Брюйне үйінің суретін жариялаған итальян баспасөзін сынады

Сол баспасөз мәслихатында бельгиялық футболшы «Манчестер Сити» АПЛ-дің қаржы ережелерін бұзды деп танылса да, клубқа деген сезімі өзгермейтінін айтты.

Кевин Де Брюйне в матче «Монца» — «Наполи»
Фото: Getty Images

«Наполи» жартылай қорғаушысы Кевин Де Брюйне Чемпиондар лигасында «Манчестер Ситимен» өтетін ойын алдындағы баспасөз мәслихатында итальян журналистерін қатты сынады. Бельгиялық футболшы олар әйелінің сөзін бұрмалап, үйінің суреттерін жариялады деп мәлімдеді. Баспасөз мәслихаты дүйсенбі, 23 қарашада «Этихад» стадионында өтті, деп хабарлайды Football Italia.

Дауға футболшының жұбайы Мишель Лакруаның бельгиялық Nina журналына берген сұхбаты себеп болды. Ол бір күні туған өлкесі Лимбургке оралғысы келетінін айтқан. Итальян БАҚ мұны отбасының Неапольде жайсыз жүргенінің белгісі деп қабылдап, Де Брюйненің ПСВ-ға ауысуы мүмкін деген қауесетпен байланыстырды. «Сіздер оқымаған мақаланы оқысаңыздар, оның не айтқанын түсінесіздер», — деді жартылай қорғаушы.

Жеке өміріне араласу туралы ол бұдан да қатаң сөйледі: «Баспасөзден үйімнің суреттерін көрдім, бұл дұрыс емес. Бұл жағдайды Италиядағы журналистер туғызғанын білемін, бірақ не үшін екенін түсінбеймін. Сіздер менің жеке өмірімді білмейсіздер, оған пікір айтуға құқықтарыңыз жоқ. Бұл мен үшін де, әйелім үшін де жағымсыз жағдай болды». «Наполидегі» болашағы туралы Де Брюйне көп айтпады: «Қазір көп нәрсе айта алмаймын. Осы уақытқа дейін 400 пайыз күшіммен ойнадым».

Британ журналистерін басқа мәселе көбірек қызықтырды — «Манчестер Сити» ісі бойынша шешім. Клуб 2009/10 мен 2017/18 маусымдары аралығында Премьер-лиганың қаржы ережелерін 100-ден астам рет бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Де Брюйне бұрынғы командасын қолдады: «Бұл менің клубым, мен оның иелерін жақсы көремін. Бұл клубқа деген жүрегімде тек ыстық ықылас бар, ол ешқашан өзгермейді».

35 жастағы бельгиялық «Манчестер Ситиде» он жыл ойнап, 2025 жылдың жазында еркін агент ретінде «Наполиге» ауысты. Чемпиондар лигасының ортақ кезеңіндегі «Манчестер Сити» — «Наполи» ойыны 24 қараша, сейсенбі күні өтеді. Кездесу Астана уақытымен сәрсенбіге қараған түні сағат 01:00-де басталады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз