Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

Астанада LRT көпірі үшін Есілге уақытша бөгет үйіліп жатыр

Бөгет техника көпір салынатын жерге жетуі үшін қажет, ал өзен арнасын ол бөгемейді.

Строительство второй линии LRT в Астане
Фото: Instagram Жениса Касымбека

Астананың оң жағалауында, Тұлпар көпірі маңында Есіл арнасында жүрген экскаватор Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінің (LRT) жаңа көпірінің құрылысында жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы өзендегі техника түсірілген бейне әлеуметтік желіде тарап, қала тұрғындарын алаңдатқаннан кейін City Transportation Systems (CTS) компаниясы хабарлады.

Өзен ортасындағы экскаваторды көрген тұрғындар Есілді құрғатып жатыр деп ойлаған. CTS бұл болжамды жоққа шығарды: учаскеде дайындық жұмыстары жүріп, уақытша топырақ бөгет үйіліп жатыр. Компания өкілдерінің айтуынша, бөгет құрылыс алаңын ұйымдастыруға және техниканың көпір салынатын жерге жетуіне қажет.

«Бөгет өзен арнасын жаппайды, су қалыпты режимде ағып жатыр», – деп сендірді компанияда. Онда жұмыстар жобаға сай, қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау талаптары сақталып жүргізіліп жатқанын қосты.

Арнадағы жұмыстардың қанша уақытқа созылатынын және бөгеттің қашан алынатынын CTS нақтыламады.

Tarlan Astana эстакадасы Есілді алғаш рет кесіп өтіп отырған жоқ: Қалдаяқов көшесіндегі автомобиль көпірінің жанындағы LRT аспалы көпірін компания 2024 жылдың күзінде салып бітірген. Қазір CTS LRT-ның Қосшы қаласына баратын екінші кезегінде де жұмыс жүргізіп жатыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз