Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

Алматыда Ахметов көшесін ҮАААЖ-ға созу үшін 23 учаске алынады

Меншік иелеріне өтемақы төленеді, ал жерді мәжбүрлеп сатып алуды билік 2028 жылдың соңына дейін аяқтамақ.

Участки-изымут-для-строительства-brt-и-пробивки-проспекта-Рыскулова-в-Алматы
Участки изымут для строительства BRT и пробивки проспекта Рыскулова в Алматы

Алматының Түрксіб ауданында Ахметов және Закарпатская көшелерін қайта жаңартып, Үлкен Алматы айналма автожолына (ҮАААЖ) дейін созу үшін 23 жер учаскесі мен өзге де жылжымайтын мүлік мәжбүрлеп алына бастайды. Бұл туралы қаулыға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды 2026 жылғы 23 қарашада қол қойды.

Құжатта нақты мекенжайлар көрсетілмеген, сондықтан учаскесінің алынатын-алынбайтынын меншік иелері ресми хабарламадан біледі. Хабарламаларды заңда белгіленген тәртіппен жіберу «Қала жер орталығы» мемлекеттік кәсіпорнына жүктелді, ал меншік иелеріне өтемақыны Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы төлейді. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі – 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін.

Учаске иелері түсініктеме алу үшін басқармаға мына мекенжай бойынша жүгіне алады: Алмалы ауданы, Төле би көшесі, 155, 6-қабат, 603-кабинет.

Ахметов (Закарпатская) көшесін ҮАААЖ-ға дейін созу жобасын қала бірнеше жылдан бері әзірлеп келеді. Оның жобалау-сметалық құжаттамасына қалалық мобильділік басқармасы тапсырыс берген: мердігер – «Казахский Промтранспроект» компаниясы, келісімшарт құны 354,6 млн теңге. Жобада жолдың өзінен бөлек, ҮАААЖ-мен қиылыста көлік айрығы, жарықтандыру, жаяу жүргінші жолдары мен өткелдер, трассаны су басудан қорғау және инженерлік желілерді көшіру қарастырылған.

Ахметов көшесі – қаладан шығатын жолдардағы кептелісті азайту үшін Алматы айналма автожолға дейін созып жатқан бірнеше магистральдың бірі. ҮАААЖ-ға дейін Абай даңғылы, Саин мен Төле би көшелері созылып жатыр, ал жоспарда Тлендиев көшесі, Солтүстік айналма жол және басқа бағыттар бар.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз