Қазақстанда жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жұмысы басталды. Құжатты дайындайтын жұмыс тобының алғашқы отырысы 24 қарашада Құрылтайда өтті. Оны Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров жүргізгенін Әділет министрлігі хабарлады. Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары – Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Болашақ кодекске кез келген адам өз ұсынысын жібере алады. Әділет министрлігінің сайтында «ҚР жаңа Азаматтық кодексінің жобасы» деген арнайы бөлім ашылды, ал ескертулер мен ұсыныстар civil.code@adilet.gov.kz электрондық поштасы арқылы қабылданады.
Жұмыс тобының құрамына Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар енді. Алғашқы жиында олар жұмыстың мақсаты мен негізгі бағыттарын талқылады. Сәрсембаевтың айтуынша, тәжірибеде өзін ақтаған нормалар сақталады, ал жаңа кодекстің өзегінде адам мен оның құқықтары тұрады. Басты бағдарлар – меншіктің барлық нысандарының теңдігі, шарт еркіндігі және тараптардың адалдығы.
Келесі отырыстарда құжаттың тұжырымдамасы қаралады. Кодекс кезең-кезеңімен жазылып, ғылыми және сарапшылар қауымдастығының алаңдарында кеңінен талқыланады.
Азаматтық кодекс меншікті, мәмілелерді, шарттарды, мұрагерлік пен міндеттемелерді реттейді, яғни азаматтар мен бизнестің мүлкіне қатысты мәселелердің бәріне дерлік қатысы бар. Қолданыстағы кодекстің Жалпы бөлімі 1994 жылы қабылданған. Жаңа кодексті әзірлеуді Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында тапсырды. Президенттің айтуынша, қазіргі құжат өтпелі кезең экономикасына арналып жасалған, ал Құрылтай жаңа кодексті 2027 жылдың соңына дейін қабылдағаны жөн. Заңгерлер реттеуді қажет ететін тақырыптар қатарында цифрлық активтерді, электрондық мәмілелерді және жасанды интеллектіні пайдаланған кездегі жауапкершілікті атайды.
Заңнаманы ауқымды қайта қарау мұнымен шектелмейді: бұған дейін Әділет министрлігі жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді әзірлеуге кірісті, ал Құрылтайға капитал нарығы туралы заң дайындалып жатыр.



