Жеңіліс көрмеген даниялық боксшы Якоб Банк (20-0, 11 КО) Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 КО) кездесуі үшін мансабындағы ең ірі қаламақыны алады. Бұл туралы ол Данияның TV Syd телеарнасының әлеуметтік желілеріне берген пікірінде айтты. Боксшылар екінші орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша бос тұрған әлем чемпионы белбеуін сарапқа салады.
«Бұл — менің бүгінге дейінгі ең үлкен қаламақым», — деді Банк. Нақты соманы ол атамады.
Даниялықтың айтуынша, жекпе-жектің өз елінде өтуі үшін ол едәуір қаржылық жеңілдікке баруға әзір болған: «Мен басынан-ақ бой Данияда ұйымдастырылса болды, қаламақының жартысына да шығуға дайын едім».
Ақыры солай болды: жекпе-жек Данияда өтеді, ал Банктің промоутерлік компаниясы Primetime Boxing бұл келісімді өз тарихындағы басты күндердің бірі деп атады. Әлімханұлы болса кездесуге «Қазақ Тайсоны» атанған Аман Қонысбековпен бірге дайындалып жатыр — ол қазақстандық боксшының спарринг-серіктесі болды.
- Күні: 2027 жылғы 23 қаңтар
- Өтетін орны: Forum Horsens аренасы, Хорсенс (Дания)
- Сарапта: екінші орта салмақтағы бос тұрған WBO белбеуі
- Рекордтары: Әлімханұлы — 17-0 (12 КО), Банк — 20-0 (11 КО)



