Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

ДАБ: үш теңіз жолындағы дағдарыс 7,3 млн адамға көмекті қатерге тікті

Жағдай өзгермесе, ұйым 2027 жылдың ортасына қарай жоспардан тыс 727 млн доллар жұмсайды, бұл қаржы азық-түлік бағдарламаларынан алынады.

Люди в очереди за горячей едой во время раздачи продовольствия при поддержке ВПП в Монгбвалу, ДР Конго
Фото: Al Jazeera

Ормуз бұғазындағы, Баб-әл-Мандеб бұғазындағы және Қара теңіздегі кедергілер 7,3 млн адамға берілетін азық-түлік көмегін қатерге тігіп отыр. Бұл туралы 23 қарашада Нью-Йоркте өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (ДАБ) атқарушы директоры Люк Линдберг мәлімдеді, деп хабарлайды Al Jazeera.

ДАБ бағалауынша, жағдай өзгермесе, 2027 жылдың ортасына қарай ұйым қосымша 727 млн доллар (шамамен 331 млрд теңге) жұмсауға мәжбүр болады. «Бұл қаржы тікелей ДАБ операцияларынан алынады, яғни азық-түлікті азырақ отбасы азырақ мөлшерде алады», – деді Линдберг. Оның айтуынша, «үштік тар жол» азық-түлік экспорты мен ауыл шаруашылығына қажет шикізат жеткізілімін күрт қысқартқан. Ал қақтығыстардың көбеюі мен Эль-Ниньо сияқты климаттық сілкіністер өнім мен бағаға соққы болып тиген.

Әлемдегі тыңайтқыш жеткізілімінің шамамен 30%-ы Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Қара теңіз – Сомали мен Йеменнің негізгі астық көзі, ал Йемен азық-түліктің 90%-ын сырттан әкеледі. ДАБ дерегінше, қазанның ортасына қарай Босфор арқылы бидай мен жүгері тасыған кемелер саны былтырғы кезеңмен салыстырғанда 63%-ға азайған. Әлем нарығына ресейлік және украиналық 10 млн тоннаға жуық бидай жетпей қалуы мүмкін. Бұл 44 млн адамды тамақтандыруға жетер еді.

«Мәселе өндірісте емес. Бұл – саяси мәселе. Астық бар, бірақ ол мұқтаж адамдарға жетпей жатыр», – деп атап өтті ДАБ басшысы. Ол БҰҰ-ға мүше елдерді үш «қызыл сызықты» қабылдауға шақырды: енді аштық болмауы, азық-түлік қару ретінде пайдаланылмауы және гуманитарлық қызметкерлерге шабуыл жасалмауы тиіс.

Бидай мен ұнның әлемдегі ірі экспорттаушыларының бірі саналатын Қазақстан үшін теңіз жолдарындағы кедергілер астықтың әлемдік бағасының құбылуын білдіреді. Отандық аграрлық сала да өнімін осы бағамен сатады.

Қазір әлемде 266 млн адам жедел аштыққа ұшыраған, Судан, Оңтүстік Судан және Сомалидің кей аймақтарында ашаршылық қаупі бар. Суданда ақпаннан бері негізгі азық-түлік себеті 130%-ға қымбаттаған. Ормуздағы кеме қатынасы Иранның айналасындағы соғыс пен АҚШ-тың Иран порттарын бұғаттауы салдарынан бұзылды. Осы аптада Ормуз бұғазында танкерлердің жарылғаны туралы тағы хабарланды. Баб-әл-Мандебте кемелерге хуситтер шабуыл жасап жатыр, Қара теңізде порттар мен кемелерге соққы беріліп жатыр. Линдберг ДАБ-ты биыл күзде басқарып, Синди Маккейннің орнына келді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз