КХЛ тұрақты чемпионаттың оныншы аптасындағы ең үздік гол ретінде Минск «Динамосының» шабуылшысы Сэм Энэстің астаналық «Барыс» қақпасына соққан шайбасын атады. Ең әдемі он голдың іріктемесін лига бейнероликте жариялады.
«Барыс» үшін бұл — Астанада өткен жуырдағы кездесуді еске салатын жағымсыз жаңалық. Сол ойында америкалық шабуылшы дубль жасап, үй иелері минскіліктерге 1:2 есебімен жеңіліп қалды, бұл команданың қатарынан үшінші жеңілісі болды. Ойынның соңында «Барыс» алтау мен төрт болып ойнаса да, қонақтардың қақпашысы Зак Фукалені алдай алмады.
Лига рейтингіндегі қалған орындарды ЦСКА, «Металлург», «Авангард», «Автомобилист», СКА, «Шанхай айдаһарлары» және «Нефтехимик» хоккейшілері иеленді:
- Сэм Энэс (Минск «Динамосы»)
- Максим Соркин (ЦСКА)
- Даниил Вовченко («Металлург»)
- Иван Дроздов (ЦСКА)
- Александр Волков («Авангард»)
- Даниэль Спронг («Автомобилист»)
- Рокко Гримальди (СКА)
- Джошуа Ливо («Авангард»)
- Райли Саттер («Шанхай айдаһарлары»)
- Матвей Надворны («Нефтехимик»)
Астаналықтар сәтсіз сериясын 25 қарашада үй алаңында Череповецтің «Северсталімен» кездесуде үзуге тырысады. Қатарынан алты рет жеңген «Северсталь» — Батыс конференциясының қазір ең қызу командаларының бірі.



