Ұялы байланыстың қымбаттауына көңілі толмаған абоненттер басқа операторға ауыса алады – Қазақстанда «мобильді құлдық» жоқ. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев 24 қарашада Үкіметтегі брифингте жаңа жылдан тарифтер өсетіні туралы хабарлама алған адамдар не істеуі керек деген сұраққа осылай жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
«Басқа азаматтар сияқты маған да мұндай хабарламалар келеді. Тұтынушы ретінде, егер өз операторымның баға саясаты көңілімнен шықпаса, кез келген мобильді операторды таңдауға мүмкіндігім бар. Бізде мобильді құлдық жоқ, сондықтан көңілім толмаса, басқа операторға ауыса аламын», – деді министр.
Бұл абоненттер үшін нені білдіреді. Заң бойынша операторлар тарифтің өзгеретіні туралы 60 күн бұрын ескертуге міндетті. Мәдиевтің түсіндіруінше, осы уақытта адам өз операторының байланыс сапасы мен бағасын бағалап, қажет болса, басқасына ауыса алады.
Журналистер операторлардың жоспарында баға сөз байласуының белгілері жоқ па деп те сұрады. Министрдің айтуынша, мұндай жағдайда монополияға қарсы ведомство – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі араласуы керек, ал министрлік оған талдау жасап, деректер береді. Сонымен бірге ол соңғы екі жылда мобильді операторлар телеком инфрақұрылымына 800 млрд теңгеге жуық қаржы салғанын еске салды. «Егер бұл көрсеткіштер төмендеп, бағалар өсе берсе, оларға үлкен сұрақ туындайды. Бірақ бұл жерде мобильді операторлармен мұқият әрі неғұрлым қатаң диалог жүргіземіз», – деді Мәдиев.
Таңертең операторлар тарифтердің орта есеппен 10–15%-ға өсетінін түсіндірді: олардың айтуынша, қаржы желілерді жаңғыртуға, жабдыққа және артып келе жатқан трафикке қажет.



