Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац Иран химиялық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, Тегеранның оған қол жеткізуіне жол бермейтінін айтты. Ол бұл туралы 24 қарашада, сейсенбі күні Тель-Авивтегі кеңсесінде израильдік журналистерге арналған брифингте айтты, деп хабарлайды The Times of Israel. Бағдарлама қай деңгейге жеткенін және қай жерде жүріп жатқанын министр нақтыламады.
Кац алдын ала соққы беру мүмкіндігін де жоққа шығармады. «Егер иран тарапының Израильге шабуыл жасамақ ниетін байқасақ, армияға ертерек соққы беріп, қатерді сейілтуді бұйыра алмаймыз ба?» — деген оның сөзін Израильдің 12-арнасы келтірді. Министрдің айтуынша, Израиль армиясы мен АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) «бірге шабуылдауға дайындалып жатыр»: «Жоспарлар дайын. Шешімді Трамп қабылдайды». Кацтың сөзінше, Израиль америкалықтармен бірлесіп әрекет еткенді қалайды.
Министрдің пайымынша, сәуірдегі бітімнен кейін Иран Израильмен күш теңгерімін аз да болса қалпына келтіретін қару іздеп жүр. Оның айтуынша, Тегеран ядролық бағдарламасын әлі жаңғыртқан жоқ, бірақ «оған талпынып жатқанының белгілері бар», ал Израиль үшін бұл басты басымдық болып қала береді. Тағы бір нысана — Иранның энергетикасы: Кацтың сөзінше, оған соққы беру «Иранды ондаған жыл артқа шегереді».
Тегеран айыптауларды жоққа шығарады. Иран СІМ-нің ресми өкілі химиялық бағдарлама туралы хабарларды жалған деп атап, АҚШ-ты ұзаққа созылатын соғысқа сылтау дайындап жатыр деп айыптады.
Израильдің өз ішінде де бірауыздылық жоқ. Израиль БАҚ-тарының мәліметінше, «Моссад» сарапшылары мен Бас штаб бастығы Эяль Замир соққы берудің шұғыл қажеттілігін көрмейді. «Біздің үй — Израиль» партиясының жетекшісі Авигдор Либерман химиялық қатерді елеулі деп атағанымен, оны АҚШ-сыз дербес әрекет етуге негіз емес деп санайды. Кац бұған жауап ретінде оның сөзін «масқара арандату» деп атап, өзі, премьер-министр Биньямин Нетаньяху және Бас штаб бастығы арасында ешқандай келіспеушілік жоқ екенін мәлімдеді.
Израиль мен АҚШ Иранмен екі рет соғысқан, көктемде тараптар атысты тоқтатуға келісті. АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптаның басында Тегеранмен келісім Жаңа жылға дейін жасалмаса, жаңа шабуылға бейім екенін аңғартты, ал NBC News мәліметінше, оның әкімшілігінде Иран басшыларына соққы беру талқыланып жатыр.



