Украинадағы соғыс 2022 жылы басталғалы бері кемінде 490 334 ресейлік әскери қаза тапты. Бұл қорытындыға Би-би-си орыс қызметі Росстаттан тараған деректерді талдап келді. Бұл — 2021 жылдан 2026 жылғы қыркүйекке дейінгі өлім туралы 11 миллионнан астам жазба. Базаны беларусьтік «Киберпартизандар» хакерлік тобы мен украиналық Silent Crow бұзып алған.
Росстат кибершабуылды мойындады, бірақ қорғалған ақпарат сыртқа шықпады деп мәлімдеді. Ресей соғыс басталғаннан бері өз шығынын жарияламайды, ал екі жыл бұрын Росстат оны бағалауға мүмкіндік беретін сыртқы себептерден болған өлім статистикасын жариялауды тоқтатты.
Журналистер «Медиазона» басылымымен бірге Росстат деректерін өздерінің расталған қазалар тізімімен салыстырды. Ресми хабарламалар, әлеуметтік желілер, мемориалдар мен бейіттер арқылы анықталған 290 012 адамның 90 пайызы бойынша сәйкестік табылды. Әскери сарапшылардың пікірінше, бұл тізім нақты шығынның 45–55 пайызын ғана қамтиды. Олай болса, шығын 527 295-тен 644 471 адамға дейін жетеді.
Соғыс Ресейдегі өлім құрылымын түбегейлі өзгертті. 2025 жылы 18–24 жас аралығында көз жұмғандардың 65 пайызы, 25–34 жас аралығындағылардың 59 пайызы соғыста қаза тапқан. Әскерге сотталғандар мен келісімшарттағылар келгендіктен, қаза тапқандардың орташа жасы соғыстың алғашқы жылындағы 34-тен 2025 жылы 40-қа жетті. Тыва, Бурятия және Забайкалье өлкесінің ер адамдары Мәскеу мен Петербург тұрғындарына қарағанда 20–25 есе жиі қаза табады.
Деректер жекелеген шайқастардың құнын да көрсетеді. Соғысқа дейін 12 мың адам тұрған 10 украин ауылы үшін 20 мыңға жуық ресейлік әскери қаза тапқан. Бахмут маңындағы Андреевка ауылы үшін болған ұрыстың өзінде 1 122 адам көз жұмды, ал соғысқа дейін онда небәрі 74 адам тұрған.
Ресей жағында қаза тапқандардың арасында кемінде 5 017 шетелдік бар, оның ішінде Өзбекстанның 1 031 және Тәжікстанның 720 азаматы. Украина шығынын президент Владимир Зеленский 2026 жылғы шілдеде шамамен 50 мың адам деп бағалаған, ал ашық деректерге сүйенетін анонимді UA Losses сайты 115 952 қаза тапқанды санап отыр.



