Қазақстандық теннисші Алан Құрманғалиев Ыстамбұлда өтіп жатқан үстел теннисінен жастар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, кем дегенде қола медальға қол жеткізді. Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті хабарлады.
Құрманғалиев медальға жұптық сында таласып жүр. Оның серіктесі — иранлық Бениамин Фараджи. Ширек финалда Қазақстан-Иран жұбы үнділік Абхинандх Прадхивади мен Приянудж Бхаттачарьяға қарсы шықты. Кездесу бес партияға созылып, шешуші партияда Құрманғалиев пен Фараджи басым түсті — 3:2.
Жартылай финалда олар Оңтүстік Кореяның Ким Дэхван мен Ли Хёнхо жұбымен кездеседі. Ойын 26 қарашада өтеді. Жеңіске жетсе, Құрманғалиев пен Фараджи әлем біріншілігінің алтыны үшін финалда ойнайды.



