Мазмұнға өту
2026 жылғы 25 қараша, сәрсенбі

Холанн «Haaland» брендіне құқық үшін поляк электригімен соттасып жүр

Электрик атауды поляктың «hala» және ағылшынның «land» сөздерінен құралған сөз ойыны деп түсіндірген, бірақ Еуропалық одақ ведомствосы бұған сенбеді.

Нападающий Эрлинг Холанн
Фото: Wikimedia Commons

«Манчестер Сити» шабуылшысы Эрлинг Холанн Еуропалық одақта өз тегін сауда белгісі ретінде пайдалану құқығы үшін үшінші жыл күресіп келеді. Оның қарсыласы — Норвегияда тұрып, жұмыс істейтін поляк электригі Михал Вонс. Ол 2022 жылы Еуропалық одақтың Зияткерлік меншік жөніндегі ведомствосында (EUIPO) «Haaland» белгісін бірден 16 тауар санатына тіркеп алған. Бұл оқиға туралы алғаш британдық The Telegraph жазды, ал енді поляк RMF FM радиосының хабарлауынша, дау Еуропалық одақ сотына жеткен.

Холанн мәселе туралы 2023 жылы өз атына бренд рәсімдемек болғанда білген. Вонстың белгісі спорттық киімді, протеин қоспаларын, энергетикалық сусындарды, спорт сөмкелерін, ойыншықтарды, тіпті әйелдер іш киімін қамтыған. Футболшының заңгерлері тіркеуді жоюды талап етті: олардың айтуынша, электрик адал ниетпен әрекет етпеген және ойыншының даңқы арқылы пайда тапқысы келген. Норвегиялықты өтініш берушінің елінде де жақсы білетінін дәлелдеу үшін олар поляк баспасөзіндегі Холанн туралы мақалаларды ұсынды.

Вонс футболшының бұған еш қатысы жоқ екенін айтып бақты. Оның нұсқасы бойынша, «Haaland» — поляктың «hala» (зал, павильон) және ағылшынның «land» (жер) сөздерінен құралған сөз ойыны әрі High Advanced Activity Land тіркесінің қысқартылуы. EUIPO бұл түсіндірмелерді сенімсіз деп тауып, сөзде аббревиатураны білдіретін ешқандай белгі жоқ екеніне назар аударды. Ведомство электрик футболшының танымалдығын өз мақсатына пайдаланбақ болды деген қорытындыға келіп, белгінің күшін жойды.

2026 жылдың мамырында EUIPO-ның апелляциялық алқасы бұл шешімді күшінде қалдырды. Шілдеде Вонс оған Еуропалық одақ сотына шағым түсірді, тыңдау күні әзірге белгіленген жоқ.

Осы уақытта Холанн алаңда да қиын кезеңді бастан өткеріп жүр: Чемпиондар лигасында «Наполимен» тең түскеннен кейін ол жеңіс болмаса, команда бәріне күмәндана бастайтынын мойындады. Жексенбіде «Манчестер Сити» «Арсеналдың» алаңында ойнайды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз