Мазмұнға өту
2026 жылғы 25 қараша, сәрсенбі

Қостанай облысында колледжден 45 «елес» студент оқудан шығарылды

Прокурорлар 65 студент тұратын жатақхананың да жай-күйінде кемшілік тауып, оны жөндеуге құжаттама әзірлеуді бастады.

Школьников-и-студентов-колледжей-Астаны-снова-отправят-на-удаленку
Школьников и студентов колледжей Астаны снова отправят на удаленку

Қостанай облысы Қарабалық ауданындағы Қазақстан агротехникалық колледжінен 45 студент оқудан шығарылды. Олар колледжде білім алушы ретінде тіркеліп тұрғанымен, сабаққа іс жүзінде қатыспаған. Бұл заң бұзушылықты аудан прокуратурасы тексеру кезінде анықтады, деп хабарлады Бас прокуратура. Ведомство мәліметінше, осының салдарынан бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған: мемлекет іс жүзінде оқымаған адамдардың білімі үшін қаржы бөліп келген.

Колледж қызметкерлері де жазаланды. Директор атқаратын қызметінен босатылып, жеті оқытушы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысының кінәсі неде екенін прокуратура нақтыламады.

Тексеру тек оқу процесімен шектелмеді. Колледждің 65 студент тұратын жатақханасының техникалық жай-күйінде кемшіліктер табылды. Сонымен қатар оқу орнында бес жыл бойы қалдық құны нөлге тең көлік құралдары есептен шығарылмаған. Қазір есептен шығару рәсімі басталды.

Колледжде оқуын жалғастырып жүрген студенттер үшін тексерудің басты нәтижесі – жатақхананың алдағы жөндеуі: оған қажетті жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жұмыстың қашан басталатыны мен қанша тұратыны Қостанай облысы прокуратурасының хабарламасында айтылмаған. Қадағалау органы білім беру саласындағы заңдылықты тексеруді әрі бюджет қаражатының бекер жұмсалмауын бақылауды жалғастыратынын жеткізді.

Қарабалық ауданында бір ай ішінде білім саласында болған бұл екінші шулы оқиға. 13 қарашада аудан прокуратурасы бюджет қаражатын жымқыру фактілері туралы хабарлаған: сол кезде аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды, ал Informburo мәліметінше, мектеп жабдықтарының жетіспеушілігі 8,7 млн теңгені құраған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз