Калифорниядағы федералдық үлкен алқабилер сейсенбі, 24 қарашада Сассекс герцогинясы Меган Марклдың 82 жастағы әкесі Томас Марклға айып тағуды бекітті. Ол балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық бейнеленген материалдарды сақтады деген екі эпизод бойынша айыпталып отыр. Бұл туралы Калифорнияның Орталық округінің прокуратурасы хабарлады.
Тергеу нұсқасы бойынша, Маркл мұндай суреттерді 35 миллиметрлік негативтерде сақтаған, ал оларды Лос-Анджелес маңында 2008 жылдан бері жалға алып келген екі қоймада ұстаған. Прокурорлардың айтуынша, кемі бір суретте 12 жасқа толмаған бала бейнеленген. Қараша басында ФБР агенттері екі қойманы да тінтіп, 78-ге жуық затты – слайдтарды, негативтер мен кітаптарды тәркіледі. Заң әр эпизод үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Маркл алғаш рет 6 қарашада Флоридадағы Лейкленд қаласында ұсталып, сол күні үй қамағына жіберілді. Алайда АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, ол 10 қарашада электронды білезігін шешіп тастаған, сондықтан сот оны қайта қамауға алды. 19 қарашада судья Меган Марклдың әкесін есі дұрыс деп таныды, яғни ол сот процесіне қатыса алады. Лос-Анджелес сотында оған айып алдағы апталарда оқылуы тиіс.
Сонымен қатар Марклға соңғы жылдары тұрған Филиппинде де іс қозғалды: жергілікті полиция оны осындай материалдарды сақтап, таратты деп айыптап отыр. Маркл қазан айында күдік алғаш пайда болғанда оны өтірік деп атаған.
Меган Маркл әкесіне тағылған айып туралы әлі ашық пікір білдірген жоқ. Герцогиня онымен көп жылдан бері араласпайды және бұған ханзада Гарриден туған балаларын қорғау ниеті де себеп болғанын бұрын түсіндірген. Оқиға қазан айында британдық The Sun газеті Марклдың ұлы кіші Томас Маркл әкесінің Филиппиндегі Себу қаласындағы үйінен осындай материалдар тапқанын хабарлағаннан басталды.



